Газада жиналып қалған қоқыс салдарынан ауру тарап жатыр

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM – Газада көптен бері жиналып қалған ауқымды қоқыс салдарынан асқазан және тері аурулары тарады, деп хабарлайды БЕЛТА.

Газа секторы қоқысқа толды. Мұндағы санитарлық жағдай қазір жергілікті тұрғындардың денсаулығына орасан зор зиянын тигізіп отыр. Бұл туралы БҰҰ Даму бағдарламасының Газадағы бөлімшесінің басшысы Алессандро Мракич мәлім етті.

-Газада қалдықтардың көптігімен байланысты проблема өте зор. Біз қазір барлық сектор бойынша 2 млн тонна утилизацияланбаған қалдықтар туралы айтып отырмыз,-деді ол.

Мракич экология, су жүйесі мен тұрғындардың денсаулығы үшін қауіп өте жоғары болып тұрғанын мәлімдеді.

Тұрғындардың көбі асқазан және тері ауруларының пайда болуына шағымданып отыр.

Сол жерде жұмыс істеп жатқан дәрігерлер қалыптасқан жағдайды қоршаған ортаның ластануымен байланыстырып отыр.

Олардың сөзінше, тері аурулары қоқыс үйінділеріне жақын жерлерге тігілген шатырлардың көптігі салдарынан тарап жатыр.

БҰҰ өкілдері мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр. Бұл ретте қалдықтардан электр қуатын өндіретін зауытттар салу мәселесі де бар.

Алайда жедел әрекет ету үшін аймақты тазалауға мүмкіндік беретін ауыр техника мен құрылғылар қажет.

Осыған дейін БҰҰ-ның Газа секторында 1 миллион тұрғынға гуманитарлық көмек үлестіргені туралы жаздық.