2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Газаны қалпына келтіру және қайта құруға $71,5 млрд қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторын қалпына келтіру және қайта құру жұмыстарына 71,5 миллиард доллар (шамамен 31,6 триллион теңге) жұмсалады, ал инфрақұрылым нысандарына келген нақты залал көлемі 35,2 миллиард долларға (шамамен 15,6 триллион теңге) бағаланып отыр, деп хабарлайды Kazinform БҰҰ-ға сілтеме жасап.

Фото: Anadolu Ajansi

БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) жаңа есебінде Газаның ондаған жылдар бойы қол жеткізген даму нәтижелерінің жойылуы, экономикалық құлдырау және Батыс жағалаудағы экономикалық шектеулердің күшеюі құжаттама негізінде мұқият тіркелген.

Газадағы қалпына келтіру және қайта құру жұмыстарының құны 71,5 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл жайлы ЮНКТАД-тың Палестина халқына көмек көрсету туралы соңғы баяндамасында айтылған. Құжатта Газа экономикасының құлдырауы, Батыс жағалаудағы экономикалық белсенділікке қойылған шектеулердің күшеюі және Палестинаның мемлекеттік қаржысы мен банк секторына қысымның артуы егжей-тегжейлі сипатталған. Баяндамада 59 жылдық оккупацияның Палестинаның экономикалық дамуын шектегені, 2023 жылдың қазан айынан бастап құрылымдық және экономикалық шығындар күрт өскені көрсетілген. Күрт құлдыраудан кейін Палестинаның ЖІӨ 2025 жылы 4,3 пайызға өскен, бірақ соның өзінде жалпы өсім 2022 жылғы деңгейден 20 пайызға төмен болып отыр. Ал 2024 жылы 83 пайызға қысқарып кеткен Газаның нақты ЖІӨ 34,2 пайызға өсті. 2023 жылдың қазан айынан бері Секторда жүздеген мың жұмыс орны жабылып, 2,8 млрд долларға жуық жалпы еңбек табысы тоқтады.

Баяндамада Батыс жағалауда қоныстардың кеңеюіне байланысты жергілікті тұрғындардың жері қысқарып, табиғи ресурстарды пайдалану мүмкіндігі азайып кеткені құжат негізінде көрсетілген. Сондай-ақ, 2023 жылдан бері 38 палестиналық қауым босып кеткен, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы қоныс аудару ауқымы 2025 жылғы жалпы көрсеткіштен асып түсті.

Бюджетке түсімдер қысқарды

Баяндамада Палестинаның мемлекеттік қаржысы күрт нашарлағаны көрсетілген. Париж хаттамасына сәйкес, Палестинаның бюджеттік кірістерінің үштен екісінен астамын Палестина әкімшілігінің атынан Израиль жинайды. Аударымдар тұрақсыз әрі шегерімдерге ұшырап отыр. Палестина әкімшілігіне тікелей аударылуы тиіс кедендік кірістер 2025 жылдың мамыр айынан 2026 жылдың ортасына дейін толығымен тоқтатылған.

2019 жылдың қаңтары мен 2026 жылдың наурызы аралығындағы шегерімдер мен ұсталған кірістердің жиынтық сомасы төлемдер төленуі тиіс кездегі валюта бағамы бойынша шамамен 3,67 миллиард доллардан асады, бұл Палестинаның 2025 жылғы жалпы таза кірісінің 83 пайызына тең. 2025 жылғы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 13 пайызына жетті. Егер барлық жоспарланған төлемдер жасалса, бұл көрсеткіш алты пайыздан аспас еді.

Осынау қаржылық қысым салдарынан өмірлік маңызды қызметтерді көрсету мүмкіншілігі шектеліп отыр. 2025 жылдың соңына қарай денсаулық сақтау саласының қарызы 1 миллиард доллардан асты. Бұл жағдай ауруханалар мен басқа да мекемелердің жұмысына кедергі келтіреді.

Баяндамаға сәйкес, Батыс жағалауда ресурстардың шектеулі болуынан 2025 жылы мектептер аптасына үш-ақ күн бала оқытты.

Банк секторына төнген қауіптер

Бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін үкімет елдегі банктерден қарыз алды, жеке сектордағы кәсіп пен зейнетақы қорының алдындағы қарызы да көбейіп барады. 2025 жылы жалпы мемлекеттің ішкі қарызы 4,8 миллиард долларға жеткізді. Оның үстіне, үкіметтің жалақысымен қамтамасыз етілген несиелер берілді, бұл банк жүйесінің мемлекеттік сектор тәуекелдеріне ұшырау көрсеткішін 5,3 миллиард долларға немесе барлық банк несиелерінің 42 пайызына жеткізді.

Есепке сәйкес, Израиль билігі берген кепілдік хаттарының қысқа мерзімді болуы корреспонденттік банк қатынастарына және жаһандық сауда мен қаржыландыру мүмкіншіліктерін қолдануға әсерін тигізеді. Палестина банктері валютаны қайтаруға қойылған шектеулерге байланысты шекель банкноттарын цифрлық қаражатқа айырбастауда да шектеулерге тап болып келеді. Жалпы алғанда, бұл шектеулер отын, дәрі-дәрмек және азық-түлік импортын қаржыландыруға нұқсан келтіреді.

Газадағы экономикалық дағдарыс

Баяндама авторларының айтуынша, 2023 жылдың қазан айынан бері Газаның экономикалық кәсіпорындарының 92 пайызы зақымдалған немесе жойылған. 2025 жылы ЖІӨ жан басына шаққанда 212 долларды құрады, яғни әр адамға тәулігіне шамамен 0,58 доллардан келеді, бұл 2022 жылғы деңгейдің 17 пайызына ғана жетеді. Жұмыссыздық деңгейі 78 пайызға жетті, қазір еңбекке жарамды халықтың 90 пайыздан астамы жұмыссыз жүр.

Газаның Палестина ЖІӨ-дегі үлесі 2023 жылдың қазан айына дейін 17,4 пайызды құраса, 2025 жылы төрт пайызға да жетпеді.

Баяндамада айтылғандай, Газаның барлық өндірістік салалары 2022 жылғы өндіріс деңгейінен едәуір төмен болды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өндірісінің көлемі 94 пайызға, ал құрылыс 99 пайызға қысқарды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, Газадағы жалпы баға деңгейі 2022 жылғыдан 274 пайызға өсті, картоп және тұрмыстық газ сияқты негізгі тауарлардың құны 2022 жылғы бағалардан бірнеше есе жоғары болды.

Қайта құру және қалпына келтірудің қажеттігі

Дүниежүзілік банк, Еуропа Одағы және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізген залал мен қажеттіліктерді жедел бағалауға сәйкес, 2026 жылдың басында Газаның инфрақұрылымына келтірілген нақты залал 35,2 миллиард долларға, ал экономикалық және әлеуметтік шығындар 22,7 миллиард долларға бағаланды. Ал, қалпына келтіру және қайта құрудың жалпы қажеттіліктері 71,5 миллиард долларға бағаланады. Алдағы уақытта келтірілуі мүмкін залалды қосқанда, бұл көрсеткіш артуы мүмкін.

Қақтығыс салдарынан ең көп залал келген әрі қалпына келтіру жұмыстарына аса мұқтаж болып отырған бағыт — тұрғын үй секторы. Бағалауда, сондай-ақ білім беру және медициналық мекемелерге келтірілген үлкен залал тіркелген, мысалы, ауруханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінің жартысынан көбі жұмысын тоқтатқан. Газада ауыл шаруашылығына тиесілі жерлердің пайдалануға жарамды бөлігі қазір 1,5 пайызға да жетпейді, бұл гуманитарлық азық-түлік көмегіне тәуелділікті күшейтті.

Есепте Палестинаның оккупацияланған аумағындағы қалпына келтіру және қайта құру жұмыстарына ауқымды халықаралық қаржылық және техникалық көмек қажет болатыны айтылады. 2023 жылдың қазан айына дейінгі жағдайларға оралу үшін ең алдымен ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, құрылыста, энергетикада және технология саласында өндірістік қуатты қалпына келтіру қажет.

Баяндамада кезек күттірмейтін үш бағыт аталады. Олар: Палестинаға тиесілі кірістерді аудару, банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, қалпына келтіругеге көрсетілетін көмектің мөлшерін құжат негізінде тіркелген залал мен экономикалық шығындардың көлемімен үйлестіру.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп құрған Бейбітшілік кеңесі Газа секторын қалпына келтірудің алты айға арналған 2,45 миллиард долларлық жоспарын ұсынған.

Қазақстан Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетіп, Газа секторындағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған халықаралық бастамаларды қолдайды.