Кейінгі алты жылда газдандыру деңгейі 51 пайыздан 64,2 пайызға өсті. Осы уақыт ішінде мыңнан астам елді мекен көгілдір отынға қосылып, шамамен 20 мың шақырым газ желісі салынған болатын. Енді алты жылда жеткен деңгейден тағы асып түсуіміз қажет – Президент көрсеткен көрсеткішке дейін әлі 15,8 пайыз бар. Бұл 2020-2026 жылдары қол жеткізген өсімінен де жоғары. Оның үстіне, жаңа жоба бұрын-соңды газ жетпеген әрі газдандыру деңгейі өте төмен өңірлерге бағытталмақ.
Солтүстікке жаңа инфрақұрылым қажет
2035 жылға қарай елді 80 пайыз газбен қамту үшін не қажет және қазіргі жүйе жүктемеге дайын ба? Аталған сауалды Энергетика министрлігіне жолдаған болатынбыз. Министрлік мәселені магистральдық және газ тарату инфрақұрылымын дамыту жобалары арқылы шешуді көздеп отыр. Бюджеттің бүйірін қыспау үшін бәрін бір мезетте емес, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ниетті.
Қазір негізгі мәселе – инфрақұрылым. Оңтүстіктегі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын алайық. «QazaqGaz» ұлттық операторының мәліметінше, сұраныс жоғары кезеңде батыс өңірдегі газдың бір бөлігі Өзбекстан арқылы балама бағытпен тасымалданып, кейін Қазақстанның оңтүстігіндегі газ желісіне қайта беріледі екен. Бұл тетік жылу маусымында қолданылып келіпті. Осыны ескерген энергетика министрлігі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін дамытуға құлықты. Ол батыс өңірдегі газды оңтүстік пен орталыққа жеткізу мүмкіндігін арттыруы тиіс.
Келесі кезекте Ақтөбе облысындағы №14 компрессорлық станция Қостанаймен байланыстырылады. Осылайша, жаңа компрессорлық цехтан шыққан газ Қостанай облысы арқылы Арқаға бағыт алады деген жоспар бар..
Ұзындығы 302 шақырым болатын «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры да назар аударуға тұрарлық. Қазір бұл бағыт пайдалануға берілген. Жоба Жетісу облысындағы 84 елді мекенді толық қамтитын болады.
Дегенмен газдандырылмаған аймақтың басым дені солтүстік пен шығыста қалып отыр. Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстары толық газдандырылмаған. Астана қаласында газдандыру деңгейі – 17,7 пайыз, Ақмола облысында – 15,3 пайыз, Қарағанды облысында – 5,8 пайыз, Ұлытау облысында – 4,3 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 3,3 пайыз.
Дәл осы өңірлер үшін «Есіл-Астана» магистральдық газ құбыры салынады деп жоспарланған. Жобаның инвестиция көлемі, техника сипаттамасы әзірге белгісіз, дегенмен солтүстіктегі көрсеткішті көтеруге көмек беретіні анық. Өйткені негізгі сұраныс осы аймақтардан туындады.
Осы тұста «Сарыарқа» газ құбырын ұмытпауымыз керек. Үкімет құбырдың конфигурациясына қазірдің өзінде өзгеріс енгізіпті. 2019 жылы жобаның бірінші кезеңі – 1061,3 шақырым «Қызылорда-Астана» желісі аяқталған болатын. Екінші және үшінші кезеңдер газбен қамтудың жаңа схемасын ескере отырып қайта қаралуы тиіс. Ал төртінші кезең аясында компрессорлық станциялар салуға қатысты сатып алу рәсімі жүріп жатыр. Ресми дерекке сәйкес, төрт кезеңнің құны 630 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
Қазір «Қызылорда-Астана» желісінің мүмкіндігі шектеулі, өйткені сұраныс артқан. Ал Ресей газын 2030 жылдан бастап тасымалдау мәселесі әлі көмескі күйде. Айта кетерлігі, Қазақстан қысқы маусымда газ импортын пайдалануды әзір тежей алмайтын секілді. Ведомствоның мәліметінше, күзгі-қысқы кезеңде Ресей газы ішкі нарыққа ішінара жеткізіледі. Ал «Газпроммен» ұзақ мерзімді импорттық келіссөз жүргізіліп жатыр.
Жер астында 3,8 трлн текше метр газ бар
Инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстың жартысы ғана. Құбырлар арқылы тасымалданатын газ жеткілікті болуы маңызды. Энергетика министрлігінің дерегінше, елдегі анықталған газ қоры 3,8 трлн текше метрге жуық. Оның шамамен 2,2 трлн текше метрі ілеспе газ, 1,6 трлн текше метрі табиғи газдың үлесінде. Қордың негізгі бөлігі Батыс Қазақстан облысында шоғырланған.
Бір қарағанда, газ ресурсына алаңдауға себеп жоқ секілді. Әйтсе де газ қоры, өндірілген газ бен тауарлық газ көлемі арасында алшақтық сезіледі. Энергетика министрлігі ұсынған мәлімет мұны растап отыр. Мәселен, 2021–2025 жылдары газ өндіру көлемі 53,8 млрд текше метрден 68,2 млрд текше метрге дейін өскен. Алайда осы кезеңде тауарлық газ өндірісі артқан жоқ, керісінше 29,4 млрд текше метрден 27,5 млрд текше метрге дейін төмендеді. Тауарлық газ импорты 2,3 млрд текше метрден 4,7 млрд текше метрге дейін өскен.
Тағы бір мәлімет, жер қабатына қайта айдалатын газға қатысты болып отыр. Ірі мұнай-газ кен орындарын игеру кезінде газдың бір бөлігін қайта жер астына жібереді. Мұндай технология көптеген кен орнында қолданыста бар, онсыз өнім алу мүмкін емес. Міне, осы тәсілмен бес жыл ішінде 33,5 млрд текше метр төменге кеткен. Өткен жылы да жерге қайта жіберілген газ көлемі тауарлық газдан асып түсті.
«QazaqGaz» АҚ Баға саясаты және мониторинг департаментінің директоры Береке Ізімберген өзге мәселеге назар аударған жөн деп санайды. Айтуынша, Қазақстандағы газдың едәуір бөлігі мұнай өндірумен байланысты және тауарлық газға айналдыру үшін өңдеу қажет. Демек алдағы жылдары газ өңдеу саласын дамыту маңызға ие.
Газды қайдан аламыз?
Энергетика министрлігі тауарлық газ көлемін арттырудың бірнеше жолын ұсынды.
Біріншіден, Қашағанда жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салынып жатыр. Оны жыл соңында іске қосу жоспарланған. Ал 2030 жылы екінші кезеңге – жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін деңгейге жетуі тиіс.
Екіншіден, Жаңаөзенде жылдық қуаты 0,9 млрд текше метр болатын жаңа зауыт бой көтеруде, ашылу салтанатын келер жылы көруіміз ықтимал.
Үшіншіден, Қарашығанақта ірі газ өңдеу зауыты салынады деген болжам басым. Министрлік зауытты 2032 жылға қарай іске қосуға уәде берген.
Бүгінде Қарашығанақ газ өңдеу зауыты бірлесе салатын серіктесі белгілі болды. Президенттің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында «QazaqGaz» және «Hyundai Engineering» компаниялары жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойды. Корей компаниясы «SICIM Kazakhstan» мекемесімен бірлескен консорциумды басқарып, жобалау мен жабдықтарды сатып алуға жауап болады. Ал құрылыс және іске қосу, баптау жұмысын компаниялар бірлесіп атқармақшы. Болашақ кәсіпорынның қуаты – жылына 5 млрд текше метр шикі газ.
Жалпы осы жобалар соңына жетсе, жиынтық өндірістік қуат жылына шамамен 9,4 млрд текше метрді құрайды. Энергетика министрлігінің пікірінше, зауыттар алдымен ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сұраныс өсіп келеді
Өткен жылы елде 21,6 млрд текше метр тауарлық газ қолданылған. Министрлік биыл газ тұтыну көлемі 22,6 млрд текше метрге жетеді деген сценарийге сенеді. Яғни, бір жылдың ішінде тағы 1 млрд текше метрге өсуі мүмкін.
Осы ретте газды ең көп пайдаланатын секторға назар аударайық. Ресми мәліметке сәйкес, халық жағатын газдың көлемі көп емес, мамандар көгілдір отынды кәсіпорындар көп алады деген уәж айтуда. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Өндірістік-техникалық департаментінің директоры Әблікем Юсуповтың айтуынша, 2025 жылы компания нарыққа 18,7 млрд текше метр газ жеткізген. Бес жыл бұрын көрсеткіш шамамен 14 млрд текше метр еді. Негізгі бөлікті ірі компаниялар алып отыр.
– Бұған «Qarmet» металлургиялық комбинатын мысал ретінде келтіруге болады. Кәсіпорын 2025 жылдың күзінде газға қосылды. Сол жылдың қалған айларында 120 млн текше метрден астам газ тұтынды. 2026 жылға жоспарланған көлем 400 млн текше метрден асады. Ал кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылдық тұтыну 1 млрд текше метрден асуы мүмкін, — деді Әблікем Юсупов.
Маманның сөзінше, алдағы уақытта сұраныстың артуына энергетика саласы ықпал етеді. Мәселен, «QazaqGaz Aimaq» Алматыдағы №2 және №3 жылу электр орталықтары үшін инфрақұрылым әзірлеп қойған. Әблікем Юсуповтың бағалауынша, №2 ЖЭО газға көшкеннен кейін жылына 1 млрд текше метрден астам, ал №3 ЖЭО шамамен 600–700 млн текше метр газ алатын болады.
Қызылордадағы «Aksa Energy» бу-газ электр станциясы, Алматы облысындағы «PepsiCo» зауыты, Астана мен Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріндегі ірі жылыжайлар аз тұтынбайды. Бұған арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен жаңа жылу нысандарын қоссақ, көлемді есептеу қиын емес. Осылайша, Үкімет жылына миллиондаған текше метр газ тұтынатын алпауыт кәсіпорындар қалауын да, қарапайым халықты газбен қамту міндетін де қатар алып жүруге мәжбүр.
Шығын арта ма?
Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Жанерке Рахманның болжамынша, газдандыру деңгейін тек газбен қамтылған халықтың үлесі арқылы бағалау орынсыз. Бұл ретте қолданыстағы желілердің жағдайы, олардың тозу деңгейі, жаңа нысандар салу мәселесі назарда болуы шарт. Себебі Қазақстанда 6,1 мың шақырым газ құбырын ауыстыру қажет, 19,2 мың шақырым жаңа желі керек.
Сарапшының пікірінше, мұның бәрі газ желісіне қосу құнын өзгертуі ықтимал.
– Газдандырылмаған елді мекендерде әдетте халық саны аз, қолданыстағы инфрақұрылым шалғай. Сондықтан жаңа жобаның экономикалық тиімділігін тек қанша тұрғынның газбен қамтылатыны шешпейді. Газ желілерін алдағы уақытта қаншалықты сұраныста болатыны да өзекті, – дейді спикер.
Расын айтсақ, қазірдің өзінде қолданыстағы инфрақұрылымды күтіп ұстау қиын. «QazaqGaz Aimaq» мәліметінше, мекеме балансындағы газ тарату желісінің орташа тозу деңгейі 35 пайызды құрайды. Бесжылдық инвестициялық бағдарлама аясында мың шақырымнан астам желіні қайта жаңғырту қарастырылған. Алдағы жылдары бір мезгілде мыңдаған шақырым жаңа газ құбырын салып, сонша көлемдегі желілерді жөндеу оңайға соқпайды.
Ауа сапасы жақсарды
Табиғи газ жылу энергетикасы мен жеке сектордағы көмірдің орнын басса, экология айтарлықтай жақсаруы мүмкін. Мұны қалай байқаймыз?
Мысалы, Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, шаһардағы 16 ЖЭО қазандығы газға көшірілген. Оның 10-ы №1 ЖЭО-да, алтауы №2 ЖЭО-да. Ал №3 ЖЭО тек табиғи газбен жұмыс істейді. Нәтижесінде соңғы үш жылда №1 және №2 ЖЭО-ның шығарындылары 30,5 пайызға кемігені туралы дерек бар.
Алайда кәсіпорын шығарындылардың азаюы мен қаладағы ауа сапасы – екі түрлі көрсеткіш. Сондықтан Kazinform соңғы бірнеше жылдағы «Қазгидромет» дерегін жеке талдауды шешті.
Мысалы, қаңтар айында PM2.5 ұсақ дисперсті бөлшектерінің ең жоғары концентрациясы төмендеген. 2024 жылғы шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК) 5,1 болса, 2025 жылы – 3,5, 2026 жылы – 2,4-ке дейін азайды. 2025 жылғы ақпанда PM2.5 бойынша шекті мөлшерден асу көрсеткіші 135 рет тіркелген, биыл тек 19 жағдай анықталыпты.
Енді көмір жағу кезінде шығатын күкірт диоксидін қарайық. 2024 жылғы қаңтарда оның концентрациясы 4 ШРК-ға дейін жетіп, 1886 рет шекті деңгейден асқан. 2025-2026 жылғы қаңтар айларында SO₂ бойынша шекті мөлшерден аспаған.
Бұл ретте ауа сапасының жақсаруын тек газдандырумен байланыстыру дұрыс болмас. Статистикаға ауа райы, көлік түтіні де әсер ететінін ұмытпау керек.
Тариф тәуекелі
Мемлекет ішкі нарықтағы бағаны барынша реттеп отыр. Бүгінде Қазақстандағы газ тарифы алыстырмалы түрде төмен. Биыл сәуірде тұрғындар 1 кВт табиғи газ үшін 0,007 доллар төлеген. EnergyProm мониторинг агенттігінің зерттеуінше, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 12 есе арзан.
«QazaqGaz» Баға саясаты және мониторинг департаментінің директоры Береке Ізімбергеннің пікірінше, ішкі нарықтағы баға саясатын өзгертпесек, ресурстық база мен инфрақұрылымды қаржыландыру қиынға соға бермек.
Жанерке Рахман көгілдір отынға кететін шығынды желге ұшқан қаражат деп қарамау керек дейді. Себебі өңірлерді газдандыру өнеркәсіп әлеуетін көтеріп, экономиканы дамытады.
Бұған Қостанай облысын мысал етуге болады. Мұнда №14 компрессорлық станциядан жаңа газ құбыры тартылуы тиіс. Жанерке Рахманның сөзінше, өңірдің газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту астықты терең өңдеу, темір, алюминий өндіру және химия-газ жобаларын жеделдетуге көмек. Тұрақты энергия көзі инвестицияға арқау болып, өндірістерді кеңейтеді деген сенімде. Сондықтан сарапшы мұндай жобалардың экономикалық қайтарымын кешенді түрде бағалауға шақырды,
– Мемлекет кешенді түрде сараптауы қажет. Газдандыру деңгейін арттыру өзге салаларға қалай әсер ететінін білуіміз керек: инвестиция, жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері, баламалы отын түрлеріне жұмсалатын шығындардың үнемделуі ескерілуі керек. Оған қоса экологиялық әсер есте болуы тиіс, – дейді ол.
Президент тапсырмасын орындау үшін Үкімет 15,8 пайыздық межені орындауы шарт. Бастысы, газды солтүстік пен шығыстағы шалғай өңірлерге жеткізу міндеті тұр. Ол үшін жаңа магистральдар, кен орындары, газ өңдеу зауыттары қажет. Сұраныс деңгейі, импортқа тәуелділік, құбырларды жаңарту мәселесі тұрғанда 15 пайыздың бел ортасына барудың өзі ауқымды күшті ететіні анық.