Оның сөзінше, Қазақстандағы газ қорының дәлелденген көлемін ескерсек, инвесторларға қазіргідей құн пайда әкелмейді.
– Мұндай көтерме баға үшін жеке субъектілер газ кен орындарын игеруге бармайды. Өйткені, оларға тиімсіз, - деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, бағаны өсірудегі себеп – инвесторларды ынталандыру және сол арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты қамтамасыз ету.
– Көтерме бағаның бүгінгіден жоғары болуы салаға инвесторларды тартады. Сондықтан биыл газ құнын өсіруге мәжбүрміз, - деді вице-премьер.
Сонымен бірге, ол ішкі нарықта жеткіліксіз болса, газды сырттан импорттауға тура келетінін атап өтті. Ондай жағдайда баға бәрібір де қымбаттайды.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, энергетикалық кеңестің шешімі бойынша, 1 шілдеден бастап газдың көтерме бағасы 33%-ға артады. Салдарынан инфляция 0,16–0,2%-ға өседі.
Бұл шаралар ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және аталған секторды дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі газ өндіруші компаниялармен 3,5 млрд теңгелік келісімшартқа қол қойғанын жазғанбыз.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы газ өндіру қуатын арттыру қажет екенін мәлімдеген болатын.