Ғажайып табиғат: Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің қысқы көрінісі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің қысқы суреттерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында ведомство Facebook парақшасында жазды.

«Қысқы Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің ғажайып табиғатын бірге тамашалауға шақырамыз. Ол Алматы облысының Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының аумағында орналасқан. Қазақстан табиғатының тағы бір кереметі!» делінген Экология министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, Жоңғар Алатауы — 2010 жылы құрылған мемлекеттік ұлттық табиғи парк. Батыстан шығысқа қарай 300 шақырымға созылған Жетісу Алатауы жотасының солтүстік беткейінде орналасқан.

Парк аумағы - 356 022 гектар. Мұнда ең биік шың - теңіз деңгейінен 4622 метр биіктіктегі Семенов-Тянь-Шань шыңы.

Ұлттық парктің негізгі мақсаты - табиғи таулы ландшафты сақтау және қалпына келтіру. Парктің фаунасы бай және саналуан.

Мұнда сүтқоректілердің 52 түрі, құстардың кем дегенде 238 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі, қосмекенділердің кем дегенде 2 түрі кездеседі.

Жоңғар Алатауы аумағында орналасқан археологиялық ескерткіштер ерте темір дәуіріне жатады.