Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ұлы: әкемнің жолын жалғағым келеді

Фото: ШҚО ПД

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» бірлесе отырып, батырдың құрметіне «Капитан Байтасов» көркем фильмін түсірді.

Фильм 23 қазаннан бастап үлкен экранға шығады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін live» бағдарламасында хабарланды.

Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Сценарий жазу барысында режиссер Тараз қаласына барып, Ғазиз Байтасовтың отбасымен және әріптестерімен кездесті.

— Жоба басталғалы бері режиссеріміз Таразға барып, батырдың отбасы мен экстремизмге қарсы күрескерлермен кеңесіп, жұмыс істеді. Өмірден алынған фактілерге сүйене отырып сценарий жазылды. Бұл жұмыстар бір жыл бұрын басталған болатын. Бұл оқиға өскелең ұрпаққа таныстырылады деген мақсат бар. Фильмде органикалық сахналар, экшн, атыс-шабыс бар, бұл бізге ерекше қызық болды, — деді актер Қобыланды Болат.

Фото: Jibek Joly

Сонымен қатар эфир барысында Ғазиз Байтасовтың ұлы Әділжан Байтасовпен сұхбат өтті.

— Бұл фильмнің жарық көруі бізге үлкен абырой мен қуаныш сыйлайды. Әкемнің ерлігі ешқашан ұмытылмай, дәріптеліп келеді. Халық аузында болуы біздің отбасымызды шын жүректен қуантады. Фильм түсіріліміне режиссерлік құраммен бірге басынан аяғына дейін қатыстым. Фильмнің жарыққа шығуына өз үлесімді қостым, — деді Әділжан Байтасов.

Ол сондай-ақ ағасының Жамбыл облысы прокуратурасында қызмет етіп жатқанын, ал өзінің ҚазҰУ заң факультетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алып жатқанын айтып өтті.

Фото: Jibek Joly

— Мен әкемнің жолын жалғастыруды мақсат тұтамын, — деді Әділжан Байтасов.

Еске сала кетейік, 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында қару-жарақ дүкеніне жасалған қарулы шабуыл салдарынан тұрғындар зардап шеккен еді. Бұл қаралы оқиға халық жадында полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімімен мәңгі қалды. Ол қылмыскердің қолындағы гранатаны халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып, ерлікпен қаза тапты. Осы ерлігі үшін Ғазиз Байтасовқа Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілді.