«Газпром» және CNPC Қытайға газ жеткізудің кеңейтілген негізгі шарттарына қол қойды

БЕЙЖІҢ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Дүйсенбі, қыркүйектің 27-сі күні Бейжіңде РФ Президенті Дмитрий Медведев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао арасында өткен келіссөздердің қорытындылары бойынша «Газпром» мен CNPC Қытайға газ жеткізудің кеңейтілген негізгі шарттарына қол қойды.

«Біз келесі жылдың ортасына дейін коммерциялық келісімшарттарға қол қойылады деп көздеп отырмыз», - деді Бейжіңде журналистерге РФ вице-премьері Игорь Сечин.

Инфрақұрылым, бағыттар, кен орны, газ жеткізу көзі, сонымен қатар қаржы саласындағы өзара іс-қимыл сияқты ынтымақтастықтың барлық элементтері қарастырылуда. «Өзара түсінісу бар. Осы элементтер бойынша келісімдерге қол жеткізіліп, 2015 жылдан бастап газ жеткізуді бастайтындығымызға күмән жоқ», - деп атап өтті вице-премьер.

И.Сечин Ресейдің Қытайға жалғыз өзі газ жеткізуге дайын екендігіне де тоқталды.