Гемотологиялық және онкологиялық аурулар балалар өлімі оқиғаларының арасында екінші орында тұр - Д. Назарбаева

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Статистика мәліметтері бойынша Қазақстанда бір жастан асқан балалар өлімі арасында оқыс оқиғалар, суицидтер, жарақат алу мен автоапаттардан кейінгі екінші орында гематологиялық және  онкологиялық аурулар тұр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрінің атына сауал жолдаған депутат Дариға Назарбаева осы мәселені көтерді.

Сауал барысында Д. Назарбаева Елбасының Жолдауында ең бірінші кезекте онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді төмендету мәселесі қойылғанын айта келе, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ауыр онкологиялық сырқат түрлерінен жыл сайын 600-650 бала емделетінін жеткізді.

Депутаттың айтуынша, BFM герман протоколының араласуы арқасында Қазақстанда лейкемия болжамына біршама өзгерістер енген. «Алайда онкогематология ауруларын емдеу саласында қол жеткен нәтижелер, халықаралық стандарттарға жақындау көрсеткіштері бізді еш қанағаттандырмайды. Өйткені балалар арасында химиятерапиялық емдеуге бой бермейтін белгілі бір топтағы науқастар да баршылық. Сондықтан да кемік майын ауыстырып салу проблемасы осы топтағылар үшін өмір мен өлім арасында тұрған мәселе болып қала бермек» , - деді Д. Назарбаева.

Бұл ретте елімізде осы санаттағы ауруға шалдыққан балалардың қайтыс болып жатқанына тоқталған депутат, Қазақстанда кемік майының трансплатациясы ең өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Лейкемияға шалдыққандардың басым бөлігі аз қамтылған отбасылардан болғандықтан, мемлекет тарапынан көп көмек қажет етілетінін де жеткізді. «Онкогематологиялық қызметті дамыту стратегиясын жүзеге асыру және республикада балалар өлімін төмендету үшін   осы салаға жаңа заманауи технологияларды енгізу қажет. Емдеу және диагностикалық орталықтары заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы керек», - деген депутат, Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар сауалдар бойынша жауап беруді сұрады.