Жобаны ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы жүзеге асырып келеді.
Қазіргі таңда гендерлік қағидаларды, дәлірек айтқанда, гендерлік бюджеттендіруді енгізу өзекті мәселелердің біріне айналуда. Себебі гендерлік бюджеттендіру халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құрал болып табылады. Жалпы алғанда, гендерлік бюджет әйел мен ер адамдардың, қыз және ұл балалардың мүдделері мен қажеттіліктерін біркелкі және әділетті түрде есепке алатын бюджет болып есептеледі.
Гендерлік бюджеттендіру қағидаларын енгізудің тиімді жағы бұндай бюджеттендіру бюджет қаражатын көбейтуге емес, қолда бар бюджеттің әділетті түрде бөлінуіне бағытталады.
Қазіргі уақытта әлемнің 100 мемлекетінде гендерлік бюджеттендірудің түрлі бастамалары өз қолдауын тауып отыр. Канада, Австралия, Швеция, Франция, Норвегия және Испания сияқты дамыған мемлекеттерде гендерлік бюджеттендіру ісі ресми бюджеттік үдерістің бөліміне айналуда.
Қазақстан Республикасының бюджетінде гендерлік сипаттағы іс-шараларға қаражаттың мақсатты түрде бөлінуіне қарамастан, елімізде гендерлік бюджеттендіру технологиясы әлі де толықтай игерілмеген. Сол себепті, орын алған жағдайға байланысты, гендерлік бюджеттендіруді енгізу ісі таяуда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының» негізгі міндеттерінің біріне айналған.
Дөңгелек үстел нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасындағы гендерлік бюджеттендіруді енгізу ісі бойынша ұсыныстар қабылданатын болады. Жобаның іске асырылуы гендерлік бюджеттендірудің тиімділігі жөнінде халықтың кеңінен ақпараттандырылуына үлес қосады деп болжануда.
Жобаның жүзеге асырылуын қорытындылау және Қазақстанда гендерлік бюджеттендіру мәселесі бойынша ұсыныстар қабылдау мақсатында өткізілген дөңгелек үстел отырысына ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, ҚР Парлменті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, БҰҰ даму бағдарламасының, ЖОО-ның өкілдері және өзге де серіктестер қатысты.