Бүгін Астанада мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған семинарда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова осындай пікір білдірді.
Г.Әбдіхалықова қазір бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында гендерлік саясат мәселесі сұрқия саясат деп жазылып жүргенін айтып, бұл теңеумен мүлдем келіспейтіндігін қадап айтты. «Сұрқия» деген сөз - соғыс туралы, не бір жаман жағдайларды айтқан кезде қолданылады. Гендерлік саясатқа мұндай анықтама берген дұрыс емес», - дейді ол.
Оның пайымдауынша, Қазақстанға әлемдегі беделді ұйымдардың мүшесі ретінде, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған кезде және жалпы ашық ел ретінде бұл саясат өте қажет.
Ұлттық комиссияның төрайымы атап көрсеткендей, Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекеттік саясаттың бұл бағытында айтарлықтай ілгерілеушіліктер болды. Мәселен, 2010 жылғы 12 қазанда «Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумы» үкіметтік емес ұйымының «Жаһандық гендерлік айырма - 2010 жыл» атпен жариялаған баяндамасында Қазақстан гендерлік саясаттың дамуы бойынша 134 елдің арасында 41-інші орынды иеленгендігі жазылған. Ресей, Польша, Словения, Франция, Италия және өзге де дамыған елдер бұл тізімге бізден кейін орналасқан.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы бұл саясат әлем елдерінің алдыңғы 30-дығына кірген кездері де болған. Ол кезең елде әйелдер қозғалысы белсенді болған, үкіметтік емес ұйымдар құрыла бастаған 2000 жылдардың басы болатын.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия ҚР Президентінің 1998 жылдың 22 желтоқсанындағы Жарлығымен құрылған болатын. Осы уақытқа дейін комиссия атауын бірнеше рет өзгертті. Елбасы Ұлттық комиссия қызметінің төрт негізгі бағытын белгіледі. Бұлар - әйелдердің және олардың отбасыларының денсаулығын жақсарту, әйелдердің еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуы және оларды шешімдер қабылдай алу деңгейіне дейін алға жылжыту, әйелдерді экономикалық тұрғыда алға жылжыту және әйелдерге қатысты зорлық көрсетудің барлық түрін жою.