Гендерлік теңдік: Әлем және Қазақстан саясатындағы әйелдердің рөлі
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ дерегінше, әр он минут сайын бір әйел өз отбасы мүшесінің қолынан қаза табады. Осындай қайғылы көрсеткіштер әлем бойынша феминизм қозғалысының пайда болуына және гендерлік теңдік мәселесінің өзектілігіне себеп болды. Гендерлік теңдік – ер мен әйелдің өмірдің барлық саласында құқығы мен мүмкіндіктері тең болуы. БҰҰ бұл принципті адамзаттың орнықты дамуының басты алғышарты деп таниды. Өзекті тақырып Jibek Joly арнасындағы «Жаһан жайы» бағдарламасында талданды.
Гендерлік теңдік идеясы қайдан шықты?
Ол – мыңдаған жылдар бойы қоғамдағы билік, еңбек және мәдениет қатынастарының күрделі дамуының нәтижесі. Ежелгі өркениеттерде әйел құқықтары әртүрлі болған. Месопотамияда кейбір әйелдер саудамен айналысса, Грекияда олар саясаттан толық шеттетілді.
Кейін ағартушылық дәуір басталғанда, яғни XVIII ғасырда – гендерлік теңдік алғашқы интеллектуалдық төңкеріс жасады. Сол кезеңде француз жазушысы Мэри Уолстонкрафт «Әйел құқықтарын қорғау» кітабын жазды, бірақ ол уақыттағы қоғам үшін қауіпті идея саналып, еңбек баспадан шықпаған. XIX ғасырда әйелдер әлі де заңды түрде ер адамның меншігі саналған, бірақ осы ғасырдың ортасында алғашқы әйелдер колледжі ашылды.
XX ғасырда гендерлік теңдік институционалдық деңгейге көтерілді. 1945 жылы БҰҰ құрылтай конференциясына 50 мемлекеттен тек 4 әйел делегат қатысса да, олар Жарғыға «жынысына қарамастан тең құқық» деген тіркесті енгізді. 1995 жылы Бейжің конференциясында тарихтағы ең ірі әйелдер форумы өтті.
Ал XXI ғасырда гендерлік теңдік экономикалық категорияға айналды. McKinsey зерттеуінше, егер гендерлік алшақтық қысқарса, әлемдік жалпы ішкі өнім жылына 12 трлн долларға дейін артуы мүмкін. Бұл гендерлік саясаттың тек әлеуметтік емес, экономикалық драйвер екенін дәлелдейді.
Шығыс пен Батыс әйелдерінің өзгешелігі
Дәстүрлі шығыс қоғамында әйелдің мәртебесі көбіне отбасы алдындағы жауапкершілігімен өлшенеді. Ал Батыс әйелінің бейнесі өзгеше өріледі.
Үндістанда туып-өсіп, мансабын Ұлыбританияда жалғастырған әлеуметтанушы Дип Шикханың айтуынша, Шығыста әйел құқығы соңғы 30 жылда ғана белсенді көтеріліп келеді.
– Соңғы уақытта екі өркениет бірін-бірі толықтыра бастады. Шығыста әйелдің білім мен мансапқа қолжетімділігі кеңейіп жатыр, ал Батыста отбасылық құндылықтарды қайта бағалау үрдісі басталды. Ұлыбританияда қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейі әлдеқайда жоғары, ал Үндістанға бұл бағытта әлі көп жұмыс істеу қажет. Викториан дәуірінен қалған патриархалдық нормалардың әсері екі елде де байқалады, бірақ қазіргі Ұлыбританияда әйел мансапты бірінші орынға қойса, ешкім теріс қарамайды, – деді ол.
Әлеуметтанушының пікірінше, дамыған елде өмір сүретін әйел үшін тұрмысқа шықпай, мансапты таңдау қалыпты жағдай.
– Мұндай таңдау оны қоғамнан оқшаулауға әкелмейді. Ал Үндістанда бұл әлі де өзекті мәселе. Әйел ең жоғары лауазымды корпоративтік басшы немесе танымал академик болса да гендерлік рөлі оның жолында кедергі болып қала береді, – деді ол.
Бейжің декларациясы нені көздейді?
1995 жылы БҰҰ-ның мұрындық болуымен Қытай астанасында Әйелдер жағдайы жөнінде 4-ші Дүниежүзілік конференция өтті. Шара Бейжің декларациясының қабылдануымен есте қалды. Орталық Азиядағы үйлестіру кеңсесінің басшысы Джерен Гювен Гюрэс 30 жыл бұрын қабылданған құжаттың маңызын тарқатты.
– 30 жылға көз жүгіртсек, әйелдер мен қыздардың өмірінде, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және құқықтық негіздерді күшейту салаларында көптеген оң өзгерісті көреміз. Көп елдер әйелдерді қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және барлық қызметтерге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жоғары стандарттарды заңнамалық деңгейде енгізіп жатыр. Алайда жетістіктерге қарамастан, құрылымдық кедергілер, зиянды әлеуметтік нормалар мен гендерлік стереотиптер айтарлықтай тосқауыл болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бөлек цифрлық зорлық-зомбылық туралы да айтуымыз керек. Технология негізінен біздің өмірімізді жеңілдетуге және дамуға қызмет етуі тиіс еді. Бірақ, өкінішке қарай, технологиямен бірге әйелдерді онлайн қорқыту, онлайн қудалау сияқты жаңа қауіп туындап отыр. Оған біз әлі толық дайын емеспіз, – деді сарапшы.
Сарапшының сөзінше, әйелдерге жарқын болашақ құру мақсаты әлі де өзекті.
– Бейжің декларациясына деген міндеттемелерімізді қайта растап отырмыз. Орталық Азияға назар аударсақ, әсіресе заңнамалық өзгерістер тұрғысынан үлкен ілгерілеушілікті көреміз. Қазақстанда БҰҰ Әйелдер құрылымы үкіметпен, азаматтық қоғаммен, академиялық орта және жастармен бірлесіп жұмыс істейді. Еуропалық Одақтың қолдауымен Орталық Азияның бес елі мен Ауғанстанда «Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою» мақсатындағы Spotlight Initiative маңызды бағдарламасын жүзеге асырдық. Бастама бір жыл бұрын аяқталды, бірақ Қазақстан Үкіметінің қолдауымен қазір альянс түрінде жалғасын тауып отыр. Бастаманың аясында барлық заңнамалық олқылықтарды зерттеп, өңір елдеріндегі құқықтық базаны толық талдадық. Қазір осы жинақталған тәжірибені басқа елдермен бөлісіп жатырмыз, – деді ол.
Саясатта гендерлік стереотип сақталып отыр
Гюрэс Орталық Азиядағы әйелдердің еңбекке араласу мәселесін қозғады.
– Әйелдер мен қыздар үстел басында ерлермен қатар шешім қабылдауға қатысуы тиіс. Бұл қағида тек парламентке ғана қатысты емес, үйде, мектепте, қоғамдық кеңістікте, әлеуметтік салада, сондай-ақ парламент пен заң шығару органдарында да орын алуы қажет. Орталық Азиядағы әйел депутаттарының санына қарасақ, соңғы сайлаудан кейін Өзбекстанда айтарлықтай серпіліс байқалды. Қазір Өзбекстан парламентіндегі әйелдердің үлесі 38%, бұл алдыңғы сайлаумен салыстырғанда 6 пайыздық өсім. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 18%. Демек, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын барынша күшейту қажет, – деді ол.
Сарапшы саясаттағы гендерлік стереотиптерге де назар аударды.
– Көбінесе әйел министрлер әлеуметтік салаларды басқарады. Ал экономика, қорғаныс немесе энергетика сияқты стратегиялық министрліктерге сирек барады. Саясаттағы гендерлік стереотип әлі бар, – деді Гюрэс.
Қазақстандағы прогресс қандай?
Қазақ қоғамында гендерлік теңдік тақырыбын қабылдау деңгейі әртүрлі. Таразының бір басында дәстүрді сақтау қағидасы, екіншісінде заманауи құндылықтарға сай болу мәселесі тұр. Қоғамдық сананың өзгеруі барысында пікір қайшылығының туындауы заңды құбылыс. Дегенмен, мемлекет БҰҰ-ның Бейжің декларациясын қолдайды.
Әйелдердің құқығын қорғау бағытында елде бірнеше маңызды заңнамалық құжаттар бар. Атап айтсақ, Бейжің декларациясынан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» және «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» конвенцияларын, «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы» негізгі халықаралық талаптарды заң нормаларымен ратификациялаған. Сонымен қатар елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бар.
Жалпы, елдегі негізгі заңнамалық акт 2009 жылы қабылданған. Өткен жылы қабылданған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң әйелдерді қорлау қылмысы үшін жазаны қатаңдатты. Осы шаралардың арқасында гендерлік теңдікті дамытуда ілгерілеу байқалады.
Саяси салада да прогресс бар. Президент тапсырмасына сай, әйелдер үшін партиялық сайлау тізімдерінде және депутаттық мандаттарды бөлу кезінде 30% мөлшеріндегі міндетті квота енгізілді. Нәтижесінде Парламент пен мәслихаттардағы әйелдер үлесі артты. Қазір Үкіметте 4 министр, Парламентте 27 әйел депутат бар.
Әйелдерді қолдауға арналған әлеуметтік бағдарламалар да іске қосылған. Өңірлерде 30-дан астам отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы 3 жыл ішінде 3660 қазақстандық әйелге баспана алуға көмектесті. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған әйелдер мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне жеке санат ретінде енгізілді.
Кәсіпкерлікті зерттеу орталығының зерттеушісі, NU докторанты Әйгерім Тарбағатаеваның ойынша, елде әйелдер кәсіпкерлігі қанат жайып келеді.
– Статистикаға жүгінсек, орта және шағын кәсіпкерлікте теңдік бар. Ер адамдардың үлесі 51%, әйелдер 49%-ды құрайды. Бұл орта немесе шағын кәсіптерге қатысты, – дейді зерттеуші.
Халықаралық міндеттемелерге қарамастан, Қазақстанның кейбір нормативтік-құқықтық актілерінде гендерлік теңдік толық қорғалмаған. Әсіресе, әйелдердің еріне экономикалық тәуелділігі жиі кездеседі. ҚР Конституциясының 24-бабына сәйкес, әйелдер де ерлермен тең ақы алуға құқылы. Алайда бұл талап толық орындалмай отыр. Статистика көрсеткендей, елімізде жалақы алшақтығы 25-30 пайыз деңгейінде сақталып келеді.
Әйелдердің мәртебесі: ежелгі заманнан бүгінге дейін
Гендерлік теңдік деңгейіне зерттеу жасайтын ұйымдар мен рейтингілер көп. Солардың ең негізгілері – Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық гендерлік индексі мен GLOBAL G.A.P. рейтингісі. Бұл тізбекте бірінші орында Исландия тұр. Одан кейінгі орындарда Норвегия, Финляндия, Швейцария сияқты Солтүстік Еуропа елдері орналасқан. Ең бақытты елдер рейтингісінде де осы елдер алдыңғы шепте. Демек, бақыт ұғымы әйелдің жағдайымен тікелей байланысты.
Алайда осы гендерлік теңдікке қол жеткізген елдердің өзінде әйелдердің жалақысы ерлерден төмен, саясаттағы нәзікжандылар саны әлі де аз, үй жұмысы мен бала күтімі бойынша жүктеме тең бөлінбейді. Елімізге келсек, рейтингіде Қазақстан 92-орында, ал Орталық Азия бойынша жетекші позицияда тұр.
Жаһандық гендерлік теңдік индексі қалай жасалады? Ол 4 критериймен өлшенеді: әйелдердің білім деңгейі, денсаулығы, экономикаға үлесі және саяси репрезентациясы. Әлеуметтанушы ғалым Венера Әшімованың пікірінше, алғашқы екі талап бойынша Қазақстан өте жоғары балға ие.
– Бүгінгі таңда қазақ әйелдерінің сауаттылық дәрежесі жоғары, – деді ғалым.
Әлеуметтанушы әйелдердің құқығын қорғауда бірқатар проблема барын жасырмады.
– Ауылдық жерлердегі әйелдер мен қыздардың жағдайына зер салсақ, мұнда әлі көптеген кемшіліктер мен қиыншылықтар бар, – деді ол.
Ғалым қазақ даласындағы әйелдердің рөліне де тоқталды.
– Бұрындары қазақ қыздары үйдің, отбасының айналысында ғана емес, жауынгерлікте де белсенді болған. Мысалы, соғыс алаңдарында ерлерден кем түспеген әйелдер туралы көп әңгіме бар. Сондай-ақ Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жиынтығында да әйелдің құқығы, теңдігі мәселесі қозғалған, – дейді Венера Әшімова.
Әлеуметтанушының сөзінше, әйелдердің жағдайы еркектерге қарағанда әлдеқайда төмен болған.
– Қалыңмал алу, әмеңгерлік, көп әйелдік, қыз-келіншектерді алып қашу, дауыс беру құқығының жоқтығы – теңсіздіктің белгісі. Тек ХІХ ғасырдың соңында әйелдерге, қыздарға арналған мектептер пайда болды. Ал ХХ ғасыр басында әйел құқығы туралы, әйелдердің дауыс беру құқығы туралы мәселелер қозғала бастады. Сондай-ақ Алма Оразбаева, Дана Есова деген есімдерді атап кетуіміз керек. Ол кісілердің қазақ қоғамындағы рөлі өте жоғары. Мысалы, Алма Оразбаева – қазақтан шыққан ең бірінші феминист. Ол кісінің арқасында қалыңмал, әмеңгерлік деген заңдар жойылған, – дейді әлеуметтанушы.
Гендерлік теңдік – нәзік әлеуметтік құбылыс. Оны бір күнде толық орнату мүмкін емес. Дегенмен, заңнамалық шаралар, білім беру, экономикалық және әлеуметтік саясат арқылы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл үрдіс баяу жүрсе де қоғамның өркениеттік дамуы мен тұрақты өсіміне бағыт береді.