«Басқа салмаққа ауысатын ойым жоқ. Қазіргі кезде 160 фунтта (72,6 келі) маған бокстасқан өте ыңғайлы. Ал одан жоғары салмақта, яғни 168 фунтта (76,2) мені қызықтыратын әрі көп ақша әкелетін жекпе-жектер жоқ. Дәл қазір маған тек таза және қызықты жекпе-жектер ғана керек. Сосын чемпиондық белбеулер үшін талассатын болсам, тіпті жақсы», - деді Г.Головкин World Boxing News-ке берген сұxбатында.
Айта кетейік, бүгінде екінші орта салмақта (76,2 келіде) Давид Бенавидес, Джордж Гроувз, Джеймс Дигейл, Хильберто Рамирес сынды боксшылар өнер көрсетеді. Әрқайсысы - бір-бір белбеудің иегері. Ал Геннадий Головкин өз салмағында төрт бірдей титулды ұстап отыр. Алдағы аптада 5 мамыр күні қазақстандық боксшы АҚШ-тың Калифорния штатында Ванес Мартиросянмен жұдырықтасады. Мартиросян бірінші орта салмақта (154 фунт - 69,8 келі) өнер көрсетеді. Алайда соңғы салмақ өлшеу рәсімінде оның салмағы GGG-ден жарты келіге артық болып шықты.