Қазақстандық боксшы туыстарына, жаттықтырушыларына және мансабында оны қолдаған барша қауымға алғыс білдірді, ал америкалық жанкүйерлер қол шапалақтап қарсы алып, ресми рәсім аяқталғаннан кейін де оны жібергісі келмей тұрды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Чемпиондар шеруі
Салтанатты іс-шара Даңқ залында дәстүрге айналған «Чемпиондар шеруінен» басталды.
Оған тек жергілікті тұрғындар ғана емес, сонымен қатар АҚШ-тың барлық штаттарынан келген бокс жанкүйерлері де қатысты.
Құқық қорғау органдары жодарды жауып, қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Мінсіз тәртіп және соққының жойқын күші
Негізгі оқиға «Turning Stone Resort Casino» кешенінде өтті, онда басты назарда қазақстандық боксшы Геннадий Головкин болды.
- Біз ақыры есімі мінсіз тәртіп пен жойқын соққы күшінің синониміне айналған, заманымыздың ең үздік орта салмақтағы боксшыларының бірі – GGG-ге құрмет көрсетіп отырмыз, - деп жариялады жүргізуші.
Геннадий Головкин жарияланған кезде былай деп атап өтілді: «GGG әлем чемпионы атанбас бұрын-ақ тұрақтылығы, кәсібилігі және басқа да қасиеттерімен ерекшеленетін мансап құрды. Ол Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алып, рекорд орнатып, әлемдегі ең үздік әуесқой боксшылардың бірі деп танылды».
- Ол техникалық дәлдікті ерекше күшпен үйлестіріп, нәтижесінде тарихта орта салмақтағы ең керемет чемпионат жетістіктерінің біріне қол жеткізді. Ол рингке бокс элитасының өкілдеріне қарсы шығып, жанкүйерлерге өткен ұрпақтардың ұлы чемпиондарын еске түсіретін өнер көрсетті, - деп атап өтті жүргізуші.
Геннадий Головкиннің оған бүкіл әлемдегі боксшылар мен жанкүйерлердің құрметіне бөлеген нокаут сериясы да еске алынды.
- Жеңістері мен атақтарынан бөлек Геннадий Головкин қарапайым әрі ар-намыстың, спортқа жан-тәнімен берілгендіктің үлгісін көрсетіп, бокстың нағыз елшісі атанды. Ол ең ұлы боксшылардың қатарында өзінің заңды және лайықты орнын алып отыр және біз оны Халықаралық бокс даңқының залында қошеметпен қарсы аламыз, - деп атап өтті жүргізуші GGG-ді сахнаға шақырып.
Алғыс сөздер және жанкүйерлердің қошеметі
Геннадий Головкин өзінің жақындарына, соның ішінде мансабында оны қолдаған отбасына, зайыбына, балаларына және ағасына алғыс айтты.
- Мен үнемі қолдауы маған осы жолда күш берген отбасыма және жақындарыма алғыс білдіремін, - деді Геннадий Головкин.
GGG сонымен қатар жаттықтырушылары, көмекшілері, менеджерлері, жекпе-жек ұйымдастырушылары және спортта да, өмірде де оны қолдаған барлық адамдарға алғыс айтты.
- Мен сахна артында жұмыс істейтін керемет адамдармен бірге болдым. Олар тек бокс мансабымды ғана емес, өмірімді де шынымен қолдап жүрген адамдар, - деді GGG ризашылығын білдіріп.
Геннадий Головкин көрермендерге бокстың оның өмірінің бөлігі болып жүргеніне 35 жыл болғанын айтты. Ал Даңқ залына енгізілуі – оның ең маңызды жетістіктерінің бірі.
- Даңқ залына ену мен үшін үлкен құрмет. Бұл мойындау мен үшін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес мәнге ие. Әрине, мен бұл мойындауды мүмкін еткен баршаға алғыс айтқым келеді. Мен өте кішіпейілмін және осындай көрнекті адамдар қатарында тұрғаныма мақтанамын. Сіздерге рақмет, тағы да үлкен рақмет, - деп аяқтады сөзін Геннадий Головкин.
Ресми іс-шараның аяқталғанына қарамастан қазақстандық боксшының жанкүйерлері, негізінен америкалық азаматтар Геннадий Головкинді біраз уақыт бойы жібермей тұрды, ол жанкүйерлеріне қолтаңбасын беріп, суретке түсті.
Айта кету керек, Халықаралық бокс даңқы залына Головкинмен қатар заманауи бокстың ерлер санатында америкалық Антонио Тарвер (Antonio Tarver) және ағылшын Найджел Бенн (Nigel Benn), сондай-ақ заманауи бокстың әйелдер санатында жапониялық Наоко Фудзиока (Naoko Fujioka) және мексикалық Джеки Нава (Jackie Nava) қабылданды.
Сондай-ақ боксқа жатпайтын номинацияларда: жаттықтырушы Расс Анбер (Russ Anber), рефери Фрэнк Каппучино (Frank Cappuccino), жаттықтырушы Джимми Гленн (Jimmy Glenn), дәрігер Эдвин «Флип» Хомански (Dr.Edwin «Flip» Homansky), тілші Кевин Иоле (Kevin Iole), тележүргізуші Алекс Валлау (Alex Wallau) және бокс ардагері Джимми Клэбби (Jimmy Clabby) есімдері кірді.
Осыған дейін Халықаралық бокс даңқы залына қабылданған тұңғыш қазақстандық Геннадий Головкин АҚШ-тың Канастота қаласында жанкүйерлерімен кездесіп, тарихи рәсім қарсаңындағы көңіл күйімен бөлісті.