Геннадий Головкин Қарағандыда үлкен спорт кешенін салып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласын миллиондар қаласына айналдыру жұмысы қалай іске асуда? Ауқымды жоспар туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қарағандыда болғанында қаламызды миллион тұрғыны бар шаһарға айналдыру туралы айтқан еді. Қазіргі таңда осы тапсырма бойынша Қарағанды қаласын дамыту стратегиясын жасап жатырмыз. Осы стратегияда Қарағандыны миллиондар қаласына айналдыру бағытындағы барлық шаралар қарастырылады. Нақты айтсақ, бұл ретте әлбетте ең біріншіден тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізіледі. Қала Майқұдық бағытында кеңейетін болады», - дейді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, Қарағандыда қыста заманға сай балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы басталады. Ол жерде дәстүрлі үйірмелерден бөлек, робототехника, модельдеу бойынша секциялар  жұмыс істемек. Сонымен бірге, облыс әкімінің сөзіне сенсек, сонымен бірге көктемде шаһарда Олимпиадалық талаптарға сай 50 метрлік жүзу бассейні салынады.

«Қарағандыда өте көп мәдени шаралар өткізіледі. Міне, сондықтан, біз кәсіби 1500 орындық концерт залын тұрғызамыз. Біздің атлеттер үшін арнайы күрес орталығы ашылады. Қарағандының темір жол вокзалы толығымен реконструкцияланып, жолаушылар тасымалы екі жарым есеге артатын болады. Ең бастысы, біз бірегей тарихи фасадты сақтап қалғалы отырмыз», - дейді ол.

Ерлан Қошанов сонымен бірге өз сөзінде боксшы Геннадий Головкин Қарағандыда жалпы аумағы 5,5 мың шаршы метрлік көпфункциялы спорт кешенін салғызып жатқанын тілге тиек етті.