Геннадий Головкин келесі кездесуін 1 ақпанда Монте-Карлода өткізеді

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін америкалық Кертис Стивенстен айласын асырған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин шаршы алаңдағы өзінің келесі кездесуін 2014 жылдың 1 ақпанында Монте-Карлода өткізеді, деп хабарлайды vesti.kz.

Бұл туралы Нью-Йорктегі жекпе-жек аяқталысымен K2 Promotions компаниясының басқарушы директоры Том Лефлер мәлімдеді. Леффлердің айтуынша, қазіргі таңда Головкин бірнеше қарсыласты қарастырып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Головкин Монте-Карлода өз кездесуін бұған дейін де өткізген. 2013 жылғы 30 наурызда ол үшінші раундта-ақ жапондық боксшы Нобухиро Ишидуды есеңгіретіп, нокаутқа жіберген еді.