Геннадий Головкин: Кіші-Чавеспен жекпе-жекке шығуға дайынмын

АСТАНА. ҚазАқпарат – WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, жерлесіміз Геннадий Головкин өз салмағындағы экс-чемпион Кіші-Хулио Сезар Чавеспен рингте кездескісі келеді.

Чемпион Геннадий бұл туралы 27 шілдедегі матчынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Аllboxing.ru. сайты.

«Мен Чавеспен рингте кездесуге дайынмын. Мен онымен жұдырықтасқым келеді. Онымен кездесуге құмармын», - деді Геннадий Головкин баспасөз мәслихатында. Тоқтала кететін жайт, бұған дейін, нақтылай айтқанда ағымдағы жылдың көктемінде Головкин-Чавес кездесуі бойынша белсенді түрде келіссөздер жүргізілген болатын. Алайда, кейіннен мексикалық боксшының командасы Top Rank промоутері ұсынған қаржылық шарттарға көңілдері толмайтынын алға тартып, кездесуден бас тартқан еді.

Естеріңізге сала кетейік, 27 шілдеде бокстан орта салмақ дәрежесінде WBA (Super) мен IBO бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин австралиялық боксшы Дэниэл Гилді 3-раундта-ақ сұлатып салған болатын. Аталмыш кездесу Нью-Иорктегі 20 мың адам сиятын Madison Square Garden аренасында өттi және жекпе-жекті HBO телеарнасы арқылы 100-ден астам елдің көрермендері тамашалады. Бұл Геннадийдің кәсіпқой бокстағы 30-шы кездесуі болып, ол WBA чемпионы титулын 11-ші рет қорғады. Айта кетейік, қазақстандық боксшы 30 кездесудің 27-сiн нокаутпен аяқтады. Бұның алдында хабарлағанымыздай, Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін қазан немесе қараша айына өткiзудi жоспарлауда.