Геннадий Головкин: Мен басқа салмаққа тек PPV жекпе-жектер үшін ғана өтемін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Орта салмақта WBA (супер) нұсқасы бойынша әлем чемпионы қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин өз салмағында, яғни 72,58 келі (160 фунт) салмақ дәрежесінде басқа атақтарды біріктіруді көздейтіндігін және тек PPV жекпе-жектер болса ғана бірінші орта салмаққа түсуге немесе екінші орта салмаққа көтерілуге дайын екендігін жеткізді.

«Дәл қазір менің көздегенім тек 160 фунттық салмақ дәрежесі. Бірақ мен кез-келген ауқымды PPV жекпе-жектерге дайынмын. Яғни, шын мәнісінде маңызды кездесулер болатын болса, онда 168 (76,2 кг) немесе 154 фунттық (69,85 кг) салмақ дәрежесіне өтуге келісемін. Бірақ дәл қазір өз салмағымда қаламын және осы салмақта басқа кез-келген қарсыласпен қолғап түйістіруге дайынмын», - деді Геннадий Головкин BoxingScene порталына берген сұхбатында.

Айта кетелік, Pay-Per-View (PPV) ұғымы тікелей аударғанда «көргенің үшін төле» деген мағынаны білдіреді. Бұл спорттық және басқа да маңызды шараларды бүкіл әлем бойынша кабельдік және спутниктік телеарналар арқылы ақылы трансляциялау жүйесі. Онда жарнама болмайды және аталмыш шара толығымен көрсетіледі, деп жазады sports.kz.