Геннадий Головкин осы кездесуден кейін іле-шала америкалық телеарналардың біріне берген сұхбатында тез жеңіске жеткеніне қарамастан Даниэль Гилге сыйластықпен қарайтындығын мәлім етті, деп хабарлайды sports.kz порталы. Сонымен қатар, осы сұхбат барысында қазақстандық боксшы енді алдағы уақытта нақты қай боксшымен қолғап түйістіргісі келетіндігін ашық мәлімдеді.
- Геннадий, кәсіби рингтегі отызыншы жеңісіңіз құтты болсын! Бұдан басқа Сіз, осымен 27-ші кездесуіңізді нокаутпен жеңдіңіз. Жалпы, осы нокаут Сіз үшін қандай мәнге ие? Сіз үшін нокаутпен жеңу маңызды болды ма?
- Құттықтағаныңызға рахмет! Әрине, жеңіске жеткеніме сөз жоқ қуаныштымын. Жеңісіммен қатар бұл нокаут та мен үшін өте маңызды. Ол менің командам үшін, жанкүйерлерім үшін, Отаным үшін де маңызды. Бұл -мен арман еткен елеулі жетістік. Сол үшін оған қол жеткізгеніме өте қуаныштымын!
- Жекпе-жек барысында Сізге баланың қолынан кәмпитін тартып алу қиынырақ болатын сияқты болып көрінді...
- Олай тым кесіп-пішіп айтпайықшы, өтінем! Даниэль Гил - тамаша боксер және спортшы. Мен оны бокстағы жеткен жетістіктері үшін қатты сыйлаймын. Осы кездесуде болған жағдай оны бүйтіп қорлауға немесе біліктілгіне, шеберлігіне күмән келтіруге негіз бола алмайды!
- Осы кездесуде Сіз қандай да бір арнайы стратегиялық жоспар әзірлеп пе едіңіз? Стиліңізге қандай да бір өзгертулер енгіздіңіз бе?
- Маған өзгерту енгізудің қажеті жоқ. Мен рингке өз стилімде шығып жұдырықтасамын. Тек өз стилімді ұстануға тырысамын. Бұл, мінеки, өз жемісін беріп жатыр. Мен қашанда өз өз стилімде бокстасып келемін, бұдан кейін де осылай бокстаса бермекпін. Сондықтан өзгерту енгізудің ешқандай қажеті жоқ.
- Сіз өз стиліңізді қалай сипаттар едіңіз? - Мексикалық шығар деп ойлаймын. Маған агрессиялық, шабуылдық сипатта жұдырықтасқан ұнайды. Айызым қанып жұдырықтасамын. Мен бұдан рахат аламын.
- «Мэдисон Сквер гарден» аренасындағы дебютіңіз ұнады ма? - Маған барлығы ұнады. Өзімнің кезекті жекпе-жегімді осы жерде өткізгеніме төбем көкке жеткендей қуаныштымын. Осы сәтті пайдаланып, бүгінгі кездесуді көруге келген барлық көрермендерге ризашылығымды білдіргім келеді! Бүгінгі жекпе-жек те оларға ұнады деген үміттемін. Мен қашанда көрермен үшін жұдырықтасамын және сондықтан оларға әдемі және қашанда қызықты, шиеленісті бокс сыйлауға тырысамын!
- Келесі қарсыласыңыздың кім болғанын қалар едіңіз? - Менің дивизионымда әлі де мықты боксшылар көп. Олар менің телефон нөмірімді біледі. Оны олардың агенттері де біледі. Менің байланыс нөмірім телеарнашыларға да белгілі. Егер алғашқылары менен қорықпайтын болса, ал екіншілері тағы бір қызықты көрсетілімді көргілері келсе, онда хабарлассын, қателеспейді.
- Сонда да болса, фамилиясын атаңызшы! Сіз жауаптан тайқып жатырсыз. Сұрақты төтесінен қояйыншы: Геннадий Голвокин енді кіммен жұдырықтасқысы келеді?
- Мен бұдан кейін де біріктіруші жекпе-жектерді қалайтынымды тағы да айтқым келеді. Біз осы салмақта тек осылайша ең мықты боксшыны анықтай аламыз. Ал оның кім болатыны - ол басқа әңгіме. Мен Питер Куиллин және Мигель Котто секілді боксшыларды атай аламын.
- Егер де таңдау тек Сіздің қолыңызда болса, онда кімді таңдар едіңіз?
- Мигель Коттоны. Меніңше, бұл көрермендер үшін де, телеарналар үшін де керемет кездесу болар еді. Ал бізге өзара жұдырықтасу әрі арамыздан ең үздік боксшыны анықтау қызықты болар еді.