Геннадий Головкин туып-өскен ауласына ойын кешенін салып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Майқұдық шағын ауданында салтанатты түрде жаңа балалар ойын алаңы ашылды. Ол танымал боксшы Геннадий Головкиннің қаражатына «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде салынды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің сайты.

Алаңқай боксшының туып-өскен ауласында, 14-шы ықшам ауданның 11-ші үйі маңында орнатылды. Ойын кешені түрлі пішінді бес сырғанақтан, үйшіктен және кішігірім көпірден құралған. Мұның барлығы «КазПласт» қазақстандық компаниясымен жасалған өнім. 

«Бұл алаңқайдың ашылуы - президенттің «Туған жер» бағдараламасының жүзеге асып жатқандығының белігісі, - деп атап айтты Октябрь ауданының әкімі Әлімжан Қанаев. - Елбасы барлық табысты азаматтарды өзінің туып-өскен жерін ұмытпауға шақырды. Біздің боксшымыз Геннадий Головкин де бұл бастаманы қолдады. 

Геннадийдің туып, өскен ауласының тұрғындары бұл идеяны қуана қарсы алды. Алаңқайды орнатпас бұрын жергілікті тұрғындар аулада сенбілік өткізген, ағаштардың түптерін әктеп, тіпті бұрыннан бері істен шыққан ескі темір әткеншектерді де жөндеп қойған». 

«Бұл жерде осыған дейін ескі темір-терсектер ғана болған, барлығы ұсқынсыз болатын», - дейді Нина Лепеха, 14-ші ықшам аудандағы №11-ші үйдің тұрғыны. 

Тұрғындардың айтуынша, алаңқайды үш күннің ішінде орнатқан екен. Жұмыскерлер таңғы жетіден кешкі жетіге дейін тер төгіп, еңбек еткен. 
Кешеннің ашылу салтанатына балаларға қызықты бағдарлама ұйымдастырған аниматорлар шақырылған. 

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Геннадий Головкин Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановпен жеке кездесу барысында өз қаражаты есебінен өзінің туып-өскен ауласында балалар алаңқайын орнатуды ұйғарғанын жеткізген болатын. 

Геннадий Головкин - орташа салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіби боксшы. Әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының вице-чемпионы. WBA, IBF, WBC, IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Ол «The Ring» журналының нұсқасы бойынша салмақ мөлшеріне тәуелді емес ең үздік боксшылардың үштігіне енген.