Депутаттың мәліметінше, 2023 жылы елімізде 15 886 ЖКО тіркелген. 2024 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, 31 597-ге жеткен. Ал 2025 жылы 36 146 жол апаты орын алған. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда мыңдаған адам қаза тауып, 100 мыңнан астам адам түрлі жарақат алды.
- Жүргізушілерді даярлау мәселесі де ерекше назар аудару қажет. Ішкі істер министрлігінің «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде 727 автомектеп тіркеліп отыр, ал соның 160-ы мемлекеттік, ал 567-сі жекеменшік. Сонымен бірге, кейінгі жылдары осы саладағы мемлекеттік бақылау айтарлықтай қысқартылғаны белгілі. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап автомектептерді ашу рұқсат беру тәртібінен хабарлама беру тәртібіне ауыстырылып отыр. Ал 2018 жылы ішкі істер органдарының автомектептер қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу функциялары толық алынып тасталды. Нәтижесінде, жүргізушілерді даярлау сапасына қатысты талаптардың әлсіреуі туралы қоғамда жиі айтылып жүр», - деп атап өтті сенатор.
Осыған байланысты Г. Шиповских автомектептерге қойылатын мемлекеттік бақылау мен аккредиттеу талаптарын қалпына келтіруді, сондай-ақ оқу бағдарламалары мен практикалық дайындық стандарттарын күшейтуді ұсынады.
Бұдан бөлек, сауалда ЖКО себептерін егжей-тегжейлі талдауға негізделген бірыңғай аналитикалық жүйені қалыптастыру мәселесі көтерілген. Бұл алдын алу жұмыстарын тиімдірек жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ кептелісті азайту және қауіпсіздікті арттыру үшін көп күш түсетін қиылыстарда заманауи реттеу құралдарын, соның ішінде «вафельді жол таңбасын» енгізу ұсынылып отыр.
- Жол қозғалысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдеріне назар аудару қажет. Әсіресе, ірі қалалардағы жол қиылыстарында кептетіліс салдарынан көліктердің қиылыстың ішінде тоқтап қалуы жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар қозғалыстың жалпы ырғағын бұзып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының туындауына себеп болады. Осы тұрғыда әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген арнайы «вафельді жол таңбасын» енгізу тиімді болар еді. Бұл таңба жүргізушілерге кептеліс кезінде қиылыстың ішіне кіріп тоқтауға болмайтынын нақты көрсетеді. Нәтижесінде қиылыстардың бітелуі азайып, көлік қозғалысы тәртібі жақсарады және жол қауіпсіздігі деңгейі артады», - деді депутат.
Айта кетейік, жылдың басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру мен жүргізуші куәліктерін ресімдеу кезінде заңсыз сыйақы алу, сондай-ақ өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталған.