«Geo star» ұлттық олимпиадасы: 8 сынып оқушысы Тайландқа жолдама жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада география пәнінен өткен үш күндік «Geo star» ұлттық олимпиадасының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.
Білім сайысына елдің бүкіл облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан іріктелген 7–8-сынып оқушылары қатысты.
Географиядан ұлттық олимпиада өткізудің басты мақсаты — оқушылардың география пәніне деген қызығушылығы мен ынтасын арттырып, пәннің оқушылар арасындағы мәртебесі мен беделін көтеру.
Сайыс екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде оқушылар тест сұрақтарына жауап берсе, екінші кезекте мектепте алған білімдерін іс жүзінде қаншалық қолдана алатынын дала жағдайында практикалық тапсырмаларды да орындау арқылы көрсетті.
Қазылар алқасы балаларды осы тапсырмаларды орындау деңгейіне қарай бағалап, жүлдегерлерді анықтады.
Ұлттық олимпиада демеушісі бірінші, екінші және үшінші орын иленген оқушыларға Apple Ipad, смарт-сағат, сымсыз құлаққап сияқты бағалы сыйлықтар табыстады. Ал жүлдеге қол созым жерден қайтқандарға түрлі ынталандыру сыйлықтары берілді.
Биыл ұлттық олимпиаданың финалына шыққан балалар осы пәннен Тайландта өтетін Азия чемпионатына жолдама үшін қосымша тест тапсыру кере еді. Бірінші орын иегері, Алматы қаласындағы Білім және инновация мектебінің 8-сынып оқушысы Ерік Ерлан бұл жарыста да үздік шығып, Тайланд жолдамасын иеленді.
Дәстүрлі білім сайысына «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, National Geographic Qazaqstan журналының редакциясы әдістемелік және мазмұндық қолдау көрсетіп келе жатқанын айта кету керек.
Бұған дейін қазақстандық жас химиктер Бразилияда өткен Менделеев олимпиадасында 11 медаль жеңіп алғанын жазған едік.