Иә, саланың өркендеуіне қаржыдан бөлек тағы да бірқатар мәселе кедергі келтіруде. Оның бірі кен орындарынан алған сынамалары зерттейтін халықаралық стандартқа сай зертханамыздың болмауы болса, екіншісі кадр мәселесі. Бұдан бөлек, жер қойнауын тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін заманауи технологиялардың жоқтығы да қолбайлау болып тұр. Мәселен, Канада, Австралия, АҚШ, ОАР, Бразилия сияқты елдер геологиялық барлауда жаңа тиімді технологияларды қолдану есебінен кен қорларын айтарлықтай өсіріп отырғандығы белгілі.
Жалпы, жоғарыда атап өткен проблемаларды шешу үшін арнайы геологиялық зерттеу орталығының құрылуы қажет екендігі белгілі. Мұндай орталық таяу аралықта «Назарбаев Университетінің» базасында құрылады да. Яғни, аталған білім ордасының 50 гектарды құрайтын ғылыми паркінің 7 гектары геологиялық зерттеу орталығына беріледі. Мұны елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев айты. Оның атап өтуінше, орталық ғимараттарын салу жұмыстары ағымдағы жылы басталып, 2016 жылы алғашқы нысандары пайдалануға берілетін болады.
Айта кетерлігі, әлемнің алпауыт елдерінің барлығында дерлік геология зерттеу бағытында жұмыс істейтін арнайы орталықтар бар. Мәселен, АҚШ-та штат саны 8700 бірлікті құрайын орталықтың жылдық бюджеті 1 млрд. доллардан асып жығылады. Ал Францияда 2 мың, Түркияда 3200, Ұлыбританияда 800, Германияда 700-ден астам адам геологиялық орталықтарда жұмыс істейді. Жылдық бюджет қорлары да қомақты. Демек, Қазақстанның да геологиялық зерттеу бағытындағы іргелі орталық құруы өмір талабы екендігі түсінікті.
Енді Н.Сауранбаев атап өткен саладағы күрделі мәселелерге тоқталсақ, оның бірі - елімізде геологиялық инфрақұрылым мен халықаралық стандарттарға сай сертификатталған зертхананың болмауы. Соның салдарынан Қазақстан жыл сайын ондаған мың түрлі сынамалар мен мол көлемде геологиялық сынамаларды АҚШ, Австралия, Канада, Франция, Италия, Ресей, ОАР, тіпті көрші Қырғыз еліне жөнелтуге мәжбүр болып отыр. «Аталған геологиялық ақпараттар сол елдерде сақталуда әрі зор құндылыққа ие. Біздерге ол ақпараттарды алу үшін дәл сондай жұмыстарды тағы бір мәрте жүргізуге тура келіп отыр. Соңғы 13 жылдың ішінде геологиялық мәліметтерді өңдеу үшін Қазақстаннан 1,5 млн. түрлі сынамалар сыртқа шығарылды. Қазіргі уақытта біз Парламентте жаңа заң жобасы бойынша жұмыс істеудеміз. Яғни, біз жоғарыда аталған ақпараттардың Қазақстанда қалуын реттемекпіз», - деді ол.
Бұл саладағы келесі проблема - кадр мәселесі. Еліміздің техникалық білім беретін жоғары оқу орындарының барлығында дерлік геологиялық мамандықтар бар. Бұған қоса Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі еліміздің жоғары оқу орындпарымен геология саласында мамандар дайындау туралы арнайы меморандумды да рәсімдеп отыр. Аталған келісімшарттық міндеттемеге сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар инвестицияларының 1 пайыздан кем емес көлемін қазақстандық мамандандарды дайындауға бөлуге міндетті. Жалпы, өткен жылы Қазақстанның ЖОО-ларында 3224 адам «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» мамандығы бойынша білім алып шықты. Бұдан бөлек «Болашақ» бағдарламасы аясында да қазақ жастары әлемнің жетекші білім ордаларында геолог мамандығын алуда. Тіпті, жоғарыда атап өткен Түркияның геологиялық орталығы да біздің мамандарымызды тегін оқытуға дайын екендігін білдіріп отыр.
«Жалпы, кадр жетіспеушілігі проблемасы жоқ. Дегенмен, мәселе басқа сипатта болып отыр. Ол сапаға қатысты. Біріншіден, 20 мамандықтың барлығының да дайындайтыны геологтар. Бұл ретте қатаң мамандандыру жүргізу қажет. Қазірдің өзінде біз Білім және ғылым министрлігімен аталған жіктелімді енгізуге уағдаластық. Екіншіден, жоғары білім алып шығатындар көп. Ал бізде орта буын мамандары аса қажет. Айта кетерлігі, Семей геологиялық барлау колледжін ерекше атап өтуге болады. Олардың түлектерін жұмысқа алу үшін компаниялар кезекке тұрады», - деді вице-министр.
Келесі мәселе, бұл жер қойнауын тереңірек зерттеу технологиясын енгізу. Қазіргі уақытта елімізде қолданылып жүрген технология жер қыртысын ары кеткен 75 метрге дейін зерттеуге мүмкіндік береді. Ал қазіргі уақытта әлемнің жетекші елдері өндірісте жолға қойған технологиялар 1,5-3 шақырымдық тереңдіктегі жер қойнауы қыртысының құрамын саралауға мүмкіндік береді. «Жер қойнауын барлаудың жаңа тәсілдері бізге кен қорларын еселеуге мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. «Маккензи» компаниясының қорытындысына сәйкес Қазақстан аумағында кемінде 15 ірі әлемдік деңгейдегі кен орны бар», - деді Н.Сауранбаев.
Қорыта айтқанда, бұл саладағы кемшіліктер белгілі. Ал оны жоюға бағытталған нақты міндеттер де Үкімет үшін айқын. Ендігі міндет қолда бар ресурстарды тиімді пайдалана отырып, геологиялық зерттеу орталығын құрумен қатар оның қызметін әлемдік деңгейге көтеру қажет.