Геосаяси текетірестер әлемдік экономикаға айтарлықтай зиянын тигізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Геосаяси текетірестер әлемдік экономикаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ІІ Astana Think Tank Forum-2025 халықаралық форумында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев айтты.
— Бүгінде барлығымыз қазіргі әлем аясына топтасуды талап етіп отырмыз. Бәріміз барлық тарап арасындағы байыпты, сындарлы диалог болмай жақандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін екенін түсінеміз. Санкциялар, геосаяси текетірестер әлемдік державаларға ғана емес, сонымен бірге үшінші елдерге және жалпы әлемдік экономикаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Мұндай жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажеттілігі айрықша өзекті. Қазақстан аталған сын-қатерлерді шешуді толықтай жақтайды, — деді Ержан Ашықбаев.
Сонымен қатар ол трансқұрлықтық көлік байланысын нығайтуда Орталық Азияның бәсекелестік басымдығы артып келе жатқанына тоқталды.
— Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Бір белдеу, бір жол», Global Gateway бастамаларына өңірдегі барлық ел мен халықаралық серіктестер қатысады. Осылайша, көліктік өзара байланыстың арта түсуі Орталық Азияға экономикалық серпіліс беріп қана қоймай, жеткізілім тізбегі тұрақтылығын нығайту, жаһандық тұрақтылықты күшейту мен өзара сенімді арттыру ісіне ұжымдық үлесін де көрсетіп отыр. Ол Еуразиядағы өзара тиімді қарым-қатынас құруды одан ары дамытудағы, өңірлік және шетелдік ойыншылар арасында мүдделер синергиясын қалыптастырудағы пайымымызды көрсетеді, — деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.
Айта кетейік, форум барысында Орталық Азия сараптамаларын әлемдік зерттеу қауымдастықтармен біріктіретін платформа іске қосылды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған іс-шараға әлемнің 20 елінен 40-қа жуық шетелдік сарапшы, жетекші «ақыл-ой орталықтарының» басшылары мен зерттеушілері қатысып жатыр. Форум аясында өтетін 9 тақырыптық сессияда әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардың негізгі бағыттары талқыланып жатыр.