Германия АҚШ-пен климаттық баж салығына байланысты дауға дайындалып жатыр

Фото: deutschland.de

АСТАНА. KAZINFORM – Германия қоршаған орта министрі Карстен Шнайдер Еуропалық одақ пен АҚШ арасында климаттық саясатқа байланысты шиеленіс болатынын растады, деп хабарлайды DW.

– Иә, біз АҚШ-пен дауға тап боламыз, бұған ешқандай күмән жоқ, – деді министр ARD телеарнасына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Еуропа декарбонизация процесін тиімді жүзеге асыру үшін климаттық баж салығын енгізуге мәжбүр.

– Климаттық мақсаттарды Конституцияға енгізіп, халықаралық келісімдерге қол қойсақ, кейін оны орындамай отыруға болмайды, – деп атап өтті Шнайдер.

Еске салайық, 2027 жылдан бастап Еуропалық одақта трансшекаралық көміртек реттеу механизмі (CBAM) күшіне енеді. Ол экологиялық стандарттары төмен елдерден әкелінетін өнімдерге арнайы баж салығын енгізуді көздейді.

Бұл шара еуропалық өнеркәсіпті әділетсіз бәсекеден қорғау және климаттық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Алайда сарапшылардың пікірінше, жаңа ережелерге АҚШ та ілігуі мүмкін, бұл екі тарап арасындағы сауда қатынастарын күрделендіреді.

Айта кетейік, кеше Германия канцлері климаттың өзгеруін талқылау үшін Бразилияға барды.