Германия алты айлық әскери қызметті енгізуді жоспарлап отыр

Фото: Noah Wedel/picture alliance

АСТАНА. KAZINFORM — Германия елде ұлттық қорғанысты күшейтіп, көбірек резервистерді даярлау мақсатында алты айлық ерікті әскери қызметті енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Reuters агенттігінің хабарлауынша, еріктілер қарапайым міндеттерді – мысалы, күзет қызметін атқаруға үйренеді. Алайда еріктілер саны жеткіліксіз болса, үкімет міндетті әскери қызметті қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруы мүмкін.

Атап өтілгендей, Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус әскер санының қазіргі 180 мыңнан 260 мыңға дейін артуын қалайды. Дереккөздердің айтуынша, үкімет алты айлық ерікті дайындық осы мақсатқа жетуге көмектеседі деп үміттеніп отыр және еріктілердің бір бөлігі әскери қызметін әрі қарай жалғастыруы мүмкін.

Бағдарламаға қатысушылар ішкі қауіпсіздік саласы бойынша да қосымша дайындықтан өте алады – мысалы, жүк көлігі жүргізушісінің куәлігін алу немесе танк жүргізушісі ретінде даярлықтан өту. Сонымен қатар, сарбаздар оқуын өз үйіне жақын жерде өткізе алуы үшін жаңа казармалар салу жоспарланып отыр.

Басылымның жазуынша, егер үкімет ерікті қабылдау бойынша көзделген межеге жете алмаса, міндетті қызметке нақты кімді шақыратыны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Еске сала кетейік, Германияда міндетті әскери қызмет 2011 жылы тоқтатылған.

Бұған дейін хабарланғандай, немістердің 54%-ы міндетті әскери қызметті қайта енгізуді қолдайды.

Айта кетелік Германия виза беруден бас тартуға шағымдану тәртібін жоятыны туралы жазған едік