Report агенттігінің хабарлауынша, су тапшылығы қыс пен көктемде жауын-шашынның аз түсуінен, өзендердегі су деңгейінің төмендеуінен және бірнеше рет қайталанған аптап ыстықтан туындаған.
Атап айтқанда, Мюнхенде бақтағы бассейндерді суға толтыруға, көгалдарды суаруға және автокөлік жууға тыйым салынды. Ганноверде ауа температурасы 27 градустан асқан кезде бақтарды суаруға болмайды. Ал Потсдамда мемлекеттік сарай бақтарын суару тоқтатылды.
Қазірдің өзінде шектеу енгізілген 109 қала мен ауданның басым бөлігінде бұл шаралар ауыл шаруашылығына әсер етті. Атап айтқанда, егістік алқаптарын суару үшін өзендер мен көлдерден су алуға тыйым салынған.
Мюнхен техникалық университетінің профессоры Йорг Древестің айтуынша, Германия тазартылған ағынды суларды қайта пайдалану тәжірибесін кеңінен енгізіп, сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамытуға көбірек инвестиция салуы қажет. Оның сөзінше, елде су қоры толық таусылу қаупі жоқ болғанымен, жекелеген өңірлерде су тапшылығы туындауы мүмкін.
Еске салайық, Германияда биыл аптап ыстықтан 9,8 мыңға жуық адам көз жұмды.