Германия әскерге жеделдетілген сатып алу туралы заң қабылдамақ
АСТАНА. KAZINFORM – Германия НАТО елдерінің әскерге бөлетін қаржысын ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу туралы АҚШ-тың бастамасына қолдау білдіруге дайын. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль альянс министрлерінің Түркияда кездесуінде айтты, деп хабарлайды BILD.
Жоспар бойынша ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызы дәстүрлі әскери шығындарға кетеді, ал 1,5 пайызы әскер инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады.
Канцлер Фридрих Мерцтің есебі бойынша, бұл Германия жылына әскерге 225 млрд еуро бөліп отырады деген сөз. Ішкі жалпы өнімнің қазіргі жағдайында бұл федералды бюджеттің жартысына жуықтайды.
Соған қарамастан коалициялық келісімде тек қаржы бөлу ғана аз екендігі айтылған. Бундесвердегі бюрократия салдарынан ірі сатып алулар мен реформаларды жүргізу қиын болып отыр. Осыған байланысты үкімет жақын айларда «жоспарлау мен сатып алуды жеделдету туралы» заң қабылдағалы отыр.
- Егер саясаткерлер қажетті шарттарды қалыптастыратын болса, өнеркәсіп керектінің бәрін жеткізіп бере алады, - деді Rheinmetall басшысы Армин Паппергер BILD тілшісімен әңгіме барысында.
Соған қарамастан проблемалар тереңде жатыр. Германияға қазір казармалар, қару-жарақ пен әдіскерлер жетіспейді, дейді Бундесвер істері жөніндегі өкіл Ханс-Петер Бартельс.
- Әрине, осы уақытқа дейін әскердің саны қысқартылып келді, енді олар жетіспей жатыр, - деді ол BILD тілшісімен сәңгіме барысында.
Осыған дейін Германия БҰҰ желісі бойынша босқындарды қабылдауды уақытша тоқтатқаны туралы жаздық.