Германия Астанадағы ЭКСПО-ға өз тауарлары мен қызметтерін ұсынуға әзір

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан технологиялық жобаларын жүзеге асыруға ниетті неміс кәсіпкерлеріне қолдау жасалады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің жетінші отырысында «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Өткен кезеңде бірлескен жобалардың ауқымды топтамасы қарастырылды және оларды жүзеге асыру шаралары қазіргі кезде талқыланып жатыр. Екі күн бойы неміс делегациясымен болған кездесулерде германиялық тарапта 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысу қызығушылығы бар екені айтылды. Осы орайда олар осы ірі жоба үшін тауарлар мен қызметтерді ұсынуға ниетті», - деді Қ. Бишімбаев.

Сонымен қатар ол Қазақстан жағы бұдан бұрын қол қойылған ресурстарды технологияларға алмастыру келісімінің бұдан ары қарай жүзеге асыруына мүдделі екенін атап өтті.

«Осы әріптестік аясында бірнеше жобалар белгіленді. Атап айтқанда, шикізаттық әріптестік бағытында бір жоба алдағы жылы жүзеге асырылатын болады деп жоспарлануда», - деді Қ. Бишімбаев.

Сөз соңында ол «Бәтерек» холдингі қаржылық он бір компанияны біріктіріп отырғанын айта келе: «Біз өзіміздің тарапымыздан Қазақстанда жұмысын жоспарлап отырған барлық неміс инвесторларына қаржылық және басқа да қолдау жасауға әзірміз», - деді.