Германия балалардың зейнетақы шотына ай сайын 10 еуродан аудармақ

АСТАНА. KAZINFORM — Германия Бундестагы балаларға арналған зейнетақы жинақтары туралы заңды мақұлдады, оған сәйкес жеке инвестициялық шоттарға ай сайын 10 еуро көлемінде мемлекеттік төлемдер аударылады, деп хабарлайды Deutsche Welle .

Фото: Anadolu

«Зейнетті ерте бастау» заңы (Frühstartrente) 16 қазанда билеуші коалиция мүшелерінің көпшілігінің қолдауына ие болды. Бағдарлама ерте жастан зейнетақы жинауға және балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Жаңа ережелерге сәйкес, мемлекет 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына ай сайын 10 еуро аударады. Ал ата-аналары мен ата-әжелері жылына қосымша 6840 еуроға дейін салуына болады.

Ата-аналар инвестициялық шот ашу үшін жеке мекемені таңдай алады. Егер инвестициялық шот ашпаса, мемлекет қаражатты Deutsche Bundesbank басқаратын арнайы федералды қорға аударып отырады. 18 жасқа толғаннан кейін қатысушылар өз жинақтарын өз бетінше толтыра алады және 25 жасқа дейін қаражатты жеке зейнетақы жоспарына аудара алады.

Германияның қаржы министрі Ларс Клингбайль бағдарлама балаларға болашақ зейнетақыға шығу үшін бастапқы капитал беретінін және оларға жеке қаржыларын басқаруды үйрететінін атап өтті.

Дегенмен, бұл бастама оппозиция тарапынан сынға ұшырады. Жасылдар мен Солшыл партия өкілдері бағдарлама әлеуметтік теңсіздікті күшейтуі мүмкін деп санайды, себебі бай отбасылар қосымша жарналар сала алады, ал аз қамтылған отбасылардың балалары тек мемлекеттік қолдаумен шектеледі.

Солшыл партия депутаты Изабель Вандренің есептеулеріне сәйкес, 12 жыл бойы тек мемлекеттік жәрдемақы алатын баланың шотына, инвестициялық кірісті қоспағанда, 1440 еуро ғана түседі. Ал ата-аналары қосымша жарна салып отыратын балалдың шотындағы сома 83 520 еуроға жетуі мүмкін.

Бағдарлама 2026 жылдың 1 қаңтарынан басталуы қажет, яғни өткен айларға да ауларылады, сонда 2020 жылы туылған балалар түгел қамтылады. 2027 жылдан бастап заңға жыл сайын алты жасар балалардың жаңа жас топтары қосылып отырады.

Заңның күшіне енуі үшін оны Германияның федералды жерлерінің өкілдері саналатын палата Бундесрат мақұлдауы қажет.

Еске сала кетейік, Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері жыл басынан бері 6,1%-ға ұлғайды.