Бұл елден миллиондаған иммигранттарды, оның ішінде Германия азаматтығын алған, бірақ оңшылдардың пікірінше — біріктірілмеген азаматтарды депортациялау мүмкіндігін талқылаған неонацистердің кездесуі туралы жарияланымнан кейін қоғамда талқыланған басты тақырыптардың бірі болды.
Бұған 2021 жылғы сайлаудан кейін неміс сайлаушылары арасында қолдауы екі есеге жуық өскен «Германия үшін балама» партиясының мүшелері қатысқаны фактісіне ерекше назар аударылды.
Германияның ішкі істер министрі Нэнси Фезердің мәлімдеуінше, ол оңшыл экстремистердің қаржылық ағынына бақылау күшейтуге және құқық қорғау органдарының оңшыл экстремистер деп күдікке ілінгендерді бақылауға арналған өкілеттіктерін кеңейтуге ниетті.
«Біз оңшыл экстремистік желілердің көзін жойғымыз келеді. Біз оларды табыстан айырып, қару-жарағын тартып алғымыз келеді. Демократиямызды қорғау үшін заң үстемдігінің барлық құралдарын пайдаланғымыз келеді», — деді министр.
Неміс билігінің атап өтуінше, елде оңшыл экстремистер саны үнемі өсу үстінде. 2022 жылы олардың саны 38 800 болды, бұл ретте 14 мыңы зорлық-зомбылық жасауы мүмкін деп саналған.
«Соңғы жылдары Германияда саяси астары бар қылмыс саны айтарлықтай өскен. 10 жыл ішінде ол екі еседен астамға өсті», — деді Федералдық қылмыстық полиция басқармасының басшысы Холгер Мюнх.
Жыл басынан бері Германияда әсіре оңшылдарға қарсы көптеген шерулер өтті. Олардың көпшілігі неміс тілінен аударғанда «отқа төзімді қабырға» дегенді білдіретін «Біз брандмауэрміз» ұранымен өткен. Оңшыл популистермен ынтымақтастық жасамау саясаты осылай аталады.