Германия босқындарға көмекке $2,5 млрд бөледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германия 2018 жылға дейін сириялық босқындарға көмекке 2,5 миллиард доллар бөледі. Бұл туралы неміс канцлері Ангела Меркель Лондондағы донор елдердің конференциясы барысында мәлімдеді, деп хабарлады www.24.kz.

«Сириядағы соғыс 300 мың адамның өмірін жалмады. Миллиондаған тұрғын босқынға айналды. Біз уақыт жоғалтпауымыз керек, қазір артық бір минут та жоқ. Мәселені шешудің саяси жолын тез арада табуға тиіспіз. Адамдарға көмек ауадай қажет. Осы арада Иордания, Ливан және Түркия биліктеріне миллиондаған сириялық босқынды қабылдағандары үшін рақмет айтқым келеді», - деді Германия Канцлері Ангела Меркель.

Лондонда Сирия бойынша донор елдердің халықаралық конференциясы өтті. Жиынға БҰҰ, Ұлыбритания, Германия, Кувейт пен Норвегия мұрындық болған. Басқосуға қатысушылар Сирия мен оған көршілес мемлекеттердегі гуманитарлық операцияларды жүргізу үшін қаржылай қолдау көрсету барысын талқылады.