Германия БҰҰ желісі бойынша босқындарды қабылдауды уақытша тоқтатты

Фото: Фото: Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары

АСТАНА. KAZINFORM –  Германия БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының бағдарламасы аясында босқындарды ерікті түрде қабылдауды тоқтатты, деп хабарлайды ТАСС

Бұл туралы Deutsche Presse-Agentur (DPA) Германияның Ішкі істер министрлігі мен БҰҰ басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Мұндай шешім қазір Христиан-демократиялық және Христиан-әлеуметтік одақтар блогы мен Германияның Социал-демократиялық партиясы жүргізіп жатқан үкіметтік коалиция жөніндегі келіссөздерге байланысты қабылданды. Алдын ала кеңестердің нәтижесінде олар босқындарды ерікті түрде қабылдау бағдарламаларын мүмкіндігінше тезірек тоқтатып, жаңа бағдарламаларға қатыспауға келісті.

Бұған дейін Германия үкіметі 2024–2025 жылдары БҰҰ желісі бойынша ел аумағында жалпы саны 13 100 босқынды қабылдауға келісім берген. Олардың ішінде 5 061 адам, соның ішінде Түркиядан келген сириялық босқындар Германияға келіп үлгерді.

Германияның болашақ канцлері болуы мүмкін Фридрих Мерц билікке келсе, миграциялық саясатты едәуір қатаңдату ниеті бар екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Бұған дейін Австрия да босқындардың отбасыларын қайта қауыштыру рәсімін тоқтатқан болатын.

Айта кетелік Германия сириялықтарға көмек ретінде 300 миллион еуро бөлуді уәде еткен еді.