Германия екі күн ішінде шекарада ұсталған заңсыз мигранттардың 78%-ын елден шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – 7 мамырдан бастап Германия ІІМ шекаралық бақылауды айтарлықтай күшейтті — келесі екі күн ішінде федералды полиция 365 заңсыз мигрантты ұстады, деп хабарлайды DW.
Олардың ішінен 286 адам, яғни 78,3%-ы елден шығарылған. Бұл туралы 11 мамырда Bild газеті полиция мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлады. Елге кіргізбеудің басты себептері — визаның болмауы, жалған құжаттар немесе кіруге тыйым салынған мәртебе болған.
Газеттің жазуынша, 8–9 мамыр күндері шекарада ұсталған мигранттардың 23-і босқын мәртебесін алу туралы өтініш берген. Алайда олардың 19-ы бәрібір елден шығарылып, тек төртеуіне елге кіруге рұқсат етілген. Сол екі күн ішінде 14 адам — заңсыз көші-қон ұйымдастырушылары мен 9 экстремизм мен исламизмге қатысы бар деген күдіктілер ұсталды.
Bild басылымы «босқындар жөніндегі сарапшыларға» сілтеме жасап, Германия шекарасын күн сайын шамамен 200 босқын кесіп өтпек болатынын жазады. Бұрын олардың шамамен 120-сына кіруге тыйым салынатын, ал 7 мамырдан бастап жаңа ереже күшіне енгеннен кейін бұл көрсеткіш 190-ға дейін өскен.
Жаңа ішкі істер министрі Александер Добриндт 7 мамырда Германия шекарасында бақылауды күшейту туралы мәлімдеген. Ол 2015 жылға дейін қолданыста болған ережені қалпына келтірді — оған сәйкес, ЕО елдерінен келген босқындарға шекараның өзінде-ақ кіруге тыйым салынуы мүмкін. Тек балалар мен жүкті әйелдер сияқты «осал топтарға» ғана ерекше жағдай қарастырылған.
Бұған дейін Еуроодақтың қай елдерінің азаматтарына босқын мәртебесі берілмейтіні туралы хабарланған.
Еске салайық, АҚШ-та заңсыз мигранттарды елден «ерікті түрде шығару» бағдарламасын президент Дональд Трамп бастаған еді.