Германия «EXPO 2017 Football Cup» турнирінде екінші мәрте сүрінді
Бұған дейін турнирді бірінші болып Қазақстан және Германия құрамалары өткізген болатын. Жаттықтырушы Борис Глушковтың саңлақтары германиялықтардың жолын бөгеген. Ал өз кезегінде қазақстандықтарды Әлем құрамасы жеңген еді. Турнирдің кезек бойынша 5-ші матчында Германия мен Әлем құрамасының ойыны өте тартысты өтті.
Алғашқы таймды Эрнан Креспо бастаған әлемнің футбол жұлдыздары 3:2 есебімен өз пайдасына шешкен. Алайда екінші таймдағы германиялықтардың табанды қарсылығы қарсыластарын біршама абдыратып тастады. Десе де, кіл мықтылардың құрамасы есесін жіберген жоқ. Бар-жоғы 1 гол артық болса да, жеңіс Әлем құрамаларының қоржынында қалды.
Әлем құрамасынан Эрнан Креспо, Яри Литманен, Тухсин Мухамадиев, Джерими Джитад, Азамат Әбдірайымов секілді футболшылар қарсылас команданың қақпасынан саңылау таба білсе, германиялықтардан Беньямин Лаут, Томас Брдарич көзге түсті.
Еске сала кетсек, Елордадағы «Астана Арена» стадионында бүгін «EXPO 2017 Football Cup» турнирі басталды. Өзара сынға түскен Қазақстан, Әлем құрамасы, Ресей, Италия, Германия, Португалия құрама командалары бүгін топтық матчта ойын өткізіп жатыр. Халықаралық жарыстың жеңімпазы ертең анықталмақ.