Германия гуманитарлық визалар беруді уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Германия Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта гуманитарлық қабылдау рәсімдері уақытша тоқтатылған, деп жазады DW.

Фото: Ingo Joseph/pexels

Бұл өзгеріске «Ковчег» жобасы назар аударды.

Гуманитарлық виза алуға үміткерлер қатарына Сирия, Ауғанстан, Иран елдерінің азаматтарымен қатар, Ресей мен Беларусь паспорттарының иелері де кіреді. Бұл азаматтар соғыс жағдайында немесе демократиялық ұстанымдары мен режимге қарсы көзқарастары үшін қауіпке ұшырауы мүмкін.

«Ковчег» жобасының деректеріне сүйенсек, соңғы үш жылда шамамен 3 мың ресейлік азамат саяси себептермен қудалауға ұшырау қаупі болғандықтан гуманитарлық виза алған.

Алайда жобада атап өтілгендей, визалар беру процесінің тоқтатылуы Германияда гуманитарлық виза арқылы жүргендерге әсер етпейді. Олар үшін тұруға рұқсатты созу рәсімдері әдеттегідей жалғасып жатыр.

Бұған дейін Германия елде ұлттық қорғанысты күшейтіп, көбірек резервистерді даярлау мақсатында алты айлық ерікті әскери қызметті енгізуді жоспарлап отырғанын жазған едік.