Германия канцлері Ангела Меркельге «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне ресми түрде шақырту жолданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ГФР канцлері Ангела Меркельге Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға ресми түрде шақырту жолданды.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен ГФР Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайердің кездесуінде мәлім болды. Ерлан Ыдырысов Астанаға ресми іссапармен келген германиялық әріптесіне қошемет көрсете отырып, Германия Қазақстанның Еуропадағы және әлемдегі ең маңызды серіктес елдердің бірі екендігін атап өтті. «Соңғы жылдары екі ел арасындағы жоғары деңгейлі ресми сапарлар жиіледі, сыртқы істер министрліктері арасында орын алған байланыстар мен бизнес саладағы қарым-қатынастар ұлғайды», - деді Е.Ыдырысов. «Кездесу барысында Е.Ыдырысов Германия министрін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық мәселелерімен де таныстырып өтті және ҚР Президенті атынан ГФР канцлері Ангела Меркельге аталмыш көрмеге қатысуға ресми шақыртуды табыс етті», - делінген ҚР СІМ таратқан баспасөз хабарламасында.