Германия канцлері Фридрих Мерц ұшақ басқару құқығынан айырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Германия канцлері Фридрих Мерц ұшу тәжірибесінің жеткіліксіздігіне байланысты ұшақты өз бетінше басқару құқығынан уақытша айырылды. Сондай-ақ ол жеке меншігіндегі екі қозғалтқышты Diamond DA62 ұшағын сатып жіберген. Бұл туралы Die Welt басылымы Bild және Kölner Stadt-Anzeiger басылымдарына сілтеме жасап хабарлады.

Фото: DW

Авиация ұзақ жылдар бойы Фридрих Мерцтің басты әуестіктерінің бірі болған. Ол ұшқыш куәлігін 2009 жылы алған.

— Ұшақты басқару бала кезімдегі арманым еді. Бұлттардың арасынан көтеріліп, көгілдір аспанды көру және қозғалтқыштардың бірқалыпты жұмыс істегенін есту маған ерекше ләззат сыйлайды, – деген еді ол 2022 жылы Bunte журналына берген сұхбатында.

Германия канцлері қызметіне кіріспес бұрын, 2024 жылы Мерц Росток қаласының маңындағы Лааге әуе базасына барып, Eurofighter жойғыш ұшағымен екінші ұшқыш ретінде әуеге көтерілген. Бір сағатқа созылған ұшу кезінде ұшақ дыбыс жылдамдығынан асып, шамамен 1,3 Мах жылдамдықпен қозғалған. Қонғаннан кейін саясаткер бұл тәжірибені «тамаша оқиға» деп бағалаған.

Алайда үкімет басшысы қызметіне кіріскеннен кейін оның авиацияға уақыт бөлуге мүмкіндігі азайған. 14 қарашада Фридрих Мерц Шлезвиг-Гольштейнде өткен Христиан-демократиялық одақ (ХДС) партиясының съезіне чартерлік ұшақпен барған. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған хабарларға қарамастан, ұшақты канцлердің өзі емес, әуе тасымалдаушы компанияның кәсіби ұшқышы басқарған.

Bild мәліметінше, ұшақты өз бетінше басқару құқығын сақтау үшін ұшқыштар ұшу тәжірибесін тұрақты түрде растап отыруы керек. Ол үшін жыл сайын кемінде 12 сағат ұшу немесе 12 рет әуеге көтеріліп, қону қажет. Сондай-ақ нұсқаушымен бірге бір сағаттық оқу-жаттығу рейсін орындауға болады.

Тығыз жұмыс кестесіне байланысты Мерц бұл талаптарды орындай алмаған. Соның салдарынан ол ұшақты өз бетінше басқару құқығынан уақытша айырылған.

Сонымен қатар канцлердің негізгі ұшқыш куәлігі әлі де жарамды. Болашақта авиацияға қайта уақыт бөлуге мүмкіндік туса, ол қажетті талаптарды орындап, ұшақты жеке басқару құқығын қалпына келтіре алады.

Еске сала кетейік, Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырған болатын.