Германия үкіметінің өкілі Штефан Корнелиус Берлинде журналистерге канцлердің бүгінгі жұмыс кестесінде Трамппен телефон арқылы сөйлесу жоспарланғанын айтты.
– Канцлер бүгін президент Трамппен телефон арқылы сөйлесуді жоспарлаған еді. Германия тарапы бұл әңгімені кейінге қалдырды. Жаңа күн әзірге белгіленген жоқ, – деді Корнелиус.
Оның айтуынша, телефон арқылы сөйлесу 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдардың 25 жылдығына байланысты жоспарланған.
Журналистердің бірнеше рет қойған сауалына қарамастан, Корнелиус әңгіменің кейінге қалдырылу себебін ашып айтпады.
Сонымен қатар неміс БАҚ-тары Мерцтің мұндай шешіміне Трамптың «Германия үшін балама» партиясы (АдГ) Саксония-Анхальт федералды жеріндегі сайлауда жеңіске жеткеннен кейін әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы себеп болуы мүмкін деп болжам жасады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп АдГ-ның Саксония-Анхальттағы сайлаудағы нәтижесін «өте үлкен жетістік» деп атаған.
Әлеуметтік желідегі жазбасында Трамп 6 қыркүйекте өткен сайлаудағы АдГ нәтижесін жоғары бағалап, партияның қолдауы артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ Германия жүргізіліп жатқан көші-қон саясатына «енді төзуге ниетті емес» екенін атап өткен еді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Германияда мыңдаған адам демократияны қолдау акциясына қатысқанын жаздық.