Германия канцлері Трамптың сауда саясатына қарсы шара қолданатынын ескертті

Фото: Federico Gambarini/ dpa /picture alliance

АСТАНА. KAZINFORM – Германия канцлері Фридрих Мерц АҚШ-тың жоғары тарифтеріне жауап ретінде Еуроодақтың қатаң шара қолдануға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы DW басылымы хабарлайды.

— АҚШ билігі Трамптың «шамадан тыс жоғары» тарифтеріне Еуроодақтың айна-қатесіз жауап беруге дайын екенін елемей қоюына болмайды. Біз келіссөздер арқылы мәселені шешуге мүдделіміз, бірақ қажет болса, нақты қадамдарға барамыз, — деді Мерц Германияның Бавария аймағы үкіметімен кездесуден кейін Цугшпитце тауында сөйлеген сөзінде.

Фридрих Мерцтің айтуынша, ЕО АҚШ-тан импортталатын ұшақтар мен көліктерге жоғары баж салығын енгізуі мүмкін.

Канцлер Мерц бұл бағытта АҚШ президенті Дональд Трамппен және Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен тұрақты байланыста екенін атап өтті.

— Басты мақсатымыз — АҚШ-пен сауданы жеңілдететін және тарифтерді қайта төмендетуге мүмкіндік беретін шешімге жедел қол жеткізу. Бізде келіссөз жүргізуге шілде айының соңына дейін уақыт бар, — деді ол.

Сондай-ақ канцлер ЕО Трамп 12 шілдеде баж салығын енгізетіні жөнінде хабарлағаннан кейін бірден қарсы шараларға бармай тұруы үшін өзі бірнеше күн бойы жұмыс жүргізгенін жеткізді.

— Әйтпесе кеше автоматты түрде жауапты баж салығы енгізілер еді, — деді Германия үкіметінің басшысы.

Еске сала кетейік, 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп 185 ел мен аумақтан жеткізілетін өнімдерге кедендік тариф енгізілетінін мәлімдеген болатын. Жалпыға ортақ 10 пайыздық тариф 5 сәуірден бастап күшіне енсе, жекелеген тарифтер 9 сәуірден қолданысқа енді. Сол күні Ақ үй әкімшілігі сауда келіссөздеріне байланысты бірқатар қарсы шараның 90 күнге тоқтатылатынын хабарлады. Бұл кезеңде барлық елдер үшін 10 пайыздық бірыңғай тариф қолданылады.

27 маусымда Трамп АҚШ шамамен бір жарым апта ішінде жекелеген келісім жасалмаған елдерге жаңа тариф талаптарын жолдайтынын мәлімдеді. Осыған байланысты Еуроодақ Трамп енгізген тарифтерге жауап ретінде қарсы шараларды қарастыруы мүмкін екенін жоққа шығармады.