Германия Қазақ-неміс университетіне 14 млн. еуро бөлуге дайын - ГФР Сыртқы істер министрі

А. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Германия Қазақ-неміс университетіне 14 млн. еуро бөлуге дайын. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесуі барысында ГФР Сыртқы Істер министрлігі Мемлекеттік министрі Корнелия Пипер ханым осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жүздесу барысында К. Пипер ханым Мәжіліс Төрағасынан Қазақ-неміс университетінің мүмкіндіктерін кеңейте түсуге қатысты қолдау білдірсе деген ниетін жеткізген болатын. «Бірлескен мемлекеттік университетті дамыта түсу жоспарына орай Германия тарапы оқу орнына 14 млн. еуро бөлуге дайын. Ендігі күні біз Қазақстан Парламенті тарапынан да қолдаулар болса деп күтеміз. Бұл әсіресе, Қазақ-неміс университетінің жылжымайтын мүліктеріне, жер иеліктеріне қатысты келісімдерге байланысты болып отыр», деді министр ханым.

Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы О. Мұхамеджанов көтерілген мәселені екіжақты мәдени байланыстар үшін маңызды болатынын айта келе, алдағы уақытта университетке қатысты мәселе толық шешім табуы мүмкіндігін жеткізді.