Сапар барысында бас консул облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездесіп, тараптар экономика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде өңір басшысының атап өткеніндей, қазіргі таңда мемлекет шетелдік инвесторлар үшін көптеген мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Елбасының таяуда Сочиде Германияның жетекші кәсіпкерлерімен бас қосқаны белгілі. Осы орайда батысқазақстандық кәсіпорындар да неміс компанияларымен бұрыннан бар байланысты кеңейте түсуге ықыласты. Облыстың Еуропа мемлекеттерімен, соның ішінде Германиямен тауар айналымы ұлғая түссе, бұдан екі жақ та ұтады. Ең бастысы, қазақстандық және германиялық кәсіпкерлердің өзара тәжірибе алмасып, іскерлік қарым-қатынас жасауын жалғастыра беру керек. Батысқазақстандықтар неміс кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс жасауға дайын. Оралда «Квант» ЖШС, үй құрылысы комбинаты секілді кәсіпорындар өз өндірісінде озық неміс технологияларын пайдалануда. Сонымен қатар Орал мен Магдебург қалалары арасында да жақсы байланыс орныққан.
Бас консулдың сөзіне қарағанда, екіжақты қарым-қатынастар саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми, яғни барлық салаларды қамтиды.
«Біз ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Серіктестік те жоғары деңгейде дамып келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Германияда бірнеше рет болды. Германиялық саясаткерлер де Қазақ жеріне аяқ басты. Биыл Германия канцлері Ангела Меркель Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінде болды. Мен өзім Қазақстанда 15 айдан бері қызмет етіп келемін. Бұл - Батыс Қазақстанға бірінші сапарым. Мақсатымыз - кәсіпорындар мен оқу орындарында болып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу», - деді Йорн Розенберг.