«Қазақстан халықаралық тәртіпті қолдайтынын және ортақ күш-жігермен осы тәртіпті сақтау үшін барлығын істеп жатқанын жиі айтып жүр. Қазақстан осындай күрделі жағдайда айқын позицияны ұстанып келеді. Сондықтан Германия жағы бұл ұстанымға құрметпен қарайды», - деді А. Бербок Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуден кейін өткен брифингіде.
Оның пайымынша, қазір әлем елдері өздерінің ықпалын кеңейтуге тырысып жатыр. Осы орайда экономикалық келісімшарттар арқылы байланыстар нығайып келеді.
«Германия әділ әрі тең дәрежеде, ешқандай мәжбүрлеусіз, жасырын шарттарсыз бекітілген экономикалық қарым-қатынастар болғанын қалайды», - деді министр.
Сонымен қатар ол Қазақстанда таза әрі экологиялық тиімді «жасыл» сутегі шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірін салу жобасына тоқталды. Осы жобаны жүзеге асыруда Қазақстанның әлеуеті жоғары.
«Германияның кәсіпорындары сутегі, жел және күн энергиясы жобаларында алдыңғы қатарда тұр. Біз Астанада Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бюро сарапшылар мен мамандарды тарту тұрғысында маңызды болмақ. Осы орайда маңызды жобаларды нақты іске асыруға жағдай жасалады», - деді Анналена Бербок.
Мұнымен қоса ол Қазақстан қазіргі кезде маңызды реформаларды іске асырып жатқанын атап өтті.
«Біз саяси реформа, заң үстемдігі, адам құқықтары жөніндегі диалогты кеңейткіміз келеді. Ашық, күшті және өзіне сенімді азаматтық қоғам инновациялар мен табысты болашаққа жол бастайтынына сенімдімін», - деді Германия министрі.
Осыған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтер Тілеуберді елде неміс инвесторларына барынша қолайлы жағдай жасалып отығандығын айтқан еді.