Оның айтуынша, елімізде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар топтамасы жасақталған.
Олар төрт бағытты — аккумуляторға қажетті материалдар өндіру, реактивті қозғалтқыштардың бөлшектеріне арналған материалдарды қайта өңдеу және шығару, жартылай өткізгіштер өнеркәсібін дамыту және тұрақты магниттер өндіруді қамтиды.
— Германияның Bergbau AG компаниясымен, Кореяның геологиялық-геофизикалық зерттеулер және минералдық ресурстар институтымен, Аустралияның Lindian Resources Limited компаниясымен және басқа да ұйымдармен ынтымақтастық жүзеге асырылып жатыр, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мемлекет басшысының геология саласы бойынша тапсырмасын орындау мақсатында жер қойнауын озық технологияларды қолдану арқылы зерттеу жүргізіліп жатыр. Елімізде алғаш рет 1:50 000 масштабындағы мемлекеттік геологиялық түсірілім жұмыстары басталды.
— Алдағы үш жылда шамамен 100 мың шаршы шақырым аумақта 20 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 7 нысанның перспективалылығы туралы алдын ала деректер алынды. Перспективалылығы расталған учаскелерді келесі жылы аукционға шығарылады, — деді вице-премьер.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанда салынып жатқан үш жаңа әуежай құрылысына қанша қаражат бөлінгенін айтты.
2029 жылға дейін 13,3 ГВт болатын жаңа энергия нысандарын іске қосу жоспарланып отыр.