Германия мен Орталық Азия арасындағы сауда айналымының 80% астамы Қазақстанға тиесілі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Германия мен Орталық Азия арасындағы сауда айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қазақ-неміс бизнес форумында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Германия Қазақстан үшін Еуроодақтағы негізгі экономикалық әріптес саналады. Екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап тұрақты, сенімді және сындарлы диалог қалыптасты. Елеулі шарт-құқықтық база құрылды. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы, Берлин Еуразиялық клубы, инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі арнайы үкіметтік жұмыс тобы сияқты диалог алаңдары шеңберінде өзара тығыз іс-қимыл орнатып отырмыз», - деді Роман Скляр.


Оның айтуынша, Германияның Орталық Азиямен арадағы сауда айналымында Қазақстанның үлесі 80 пайыздан асқан.

«Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы жетекші экономикалық серіктесі болып отыр. Бұл ел біздің өңірмен жасап отырған сауданың 80%-дан астамы Қазақстанға тиесілі. Бүкіл кедергілерге қарамастан, екі ел арасындағы өзара сауда өткен жылы артып, биыл тауар айналымының айтарлықтай өсуіне қолайлы жағдай туындап отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 2,8 млрд доллар болған. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 5% жоғары. Мұндай динамика бірлескен жобаларды іске асырудағы оң үрдістердің арқасында мүмкін болды. Бүгінгі таңда Қазақстанда герман капиталының қатысуымен 1 мыңнан астам компания бар. Біз жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу үшін неміс бизнесімен әрі қарай белсенді жұмыс істеуге мүдделіміз», - деді бірінші вице-премьер.