Германия өз әскерінің санын 60 мың адамға дейін арттырады
АСТАНА. KAZINFORM — НАТО-ның қарулану мен жеке құрамға қойылған жаңа мақсаттарына сәйкес, Германияға қосымша 60 мыңға жуық әскери қызметші қажет болады, деп жазады АЗЕРТАДЖ.
Бұл туралы Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім альянстың күштерін ұлғайту аясында қабылданып отыр.
— Біз Еуропадағы ең ірі экономика ретінде жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз, — деді министр Брюссельде НАТО әріптестерімен кездесу алдында журналистерге.
НАТО қорғаныс жоспарларын жасағанда, бірқатар олқылықты анықтаған: соғысқа қабілетті ірі құрлық күштерінің жетіспеуі, алыс қашықтыққа арналған қарудың, оқ-дәрі қоры мен сенімді байланыс құралдарының тапшылығы байқалған, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
— Біз әуе шабуылынан қорғаныс жүйелеріне, алыс қашықтықтағы зымырандарға, маневрлік құрлық күштеріне, басқару және бақылау жүйелеріне инвестиция салуымыз керек. Мұның бәрі үлкен қаржы салымдарын талап етеді, — деді Писториус.
Министрдің айтуынша, жалпы Германия Қарулы Күштеріне (Бундесверге) барлық әскери салалар бойынша қосымша 50–60 мың әскери қызметкер қажет болады. Бұл әскердің жалпы саны 250–260 мың адамға жететінін білдіреді.
НАТО Германиядан қосымша жеті армиялық бригада, яғни шамамен 40 мың сарбаз бөлуін сұраған. Алайда ондаған мың адамды әскерге тарту Берлин үшін үлкен сын болмақ және 2011 жылы жойылған міндетті әскери қызметті қайта енгізу туралы пікірталастарды күшейтуі мүмкін.
Германия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Бундесвер әлі 2018 жылы белгіленген 203 мың адамдық межеге жете алмаған. Қазіргі уақытта 20 мыңға жуық тұрақты әскери орын бос тұр.
Писториустың айтуынша, үкімет алдағы уақытта ерікті әскери қызмет жүйесі жеткілікті бола ма деген мәселені шешуі керек. Дегенмен, ол қазіргі таңда әскери жатақханалар мен инструкторлар жетіспейтінін, сондықтан көп мөлшерде сарбаз қабылдау қиын екенін атап өтті.
Жақында Германия қорғаныс шығындарын арттыру мақсатында «қарыз тежегішін» жеңілдетіп, НАТО бас хатшысы Марк Рюттенің альянстың мақсатты шығындарын жылдыө ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу жоспарын қолдады.
Бұған дейін хабарланғандай, Германияда босқындар саны 3,5 млн адамға жетті.