Германия прокуроры: Айгүл Сайлыбаева ісі бойынша ешкім ұсталған жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Бұрынғы қазақстандық судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұл туралы Германияның Дармштадт қаласы прокуратурасының аға прокуроры мәлімдеді.

Фото: Қанат Сайлыбаевтың жеке мұрағатынан

— Бүгінгі күнге дейін Германия Федеративтік Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де осы іске байланысты ешқандай адам ұсталған жоқ. Тергеудің құпиялылығы мен жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін сақтау мақсатында әзірге алда атқарылатын тергеу әрекеттері туралы қосымша ақпарат бере алмаймын, — деді  Дармштадт қаласының аға прокуроры агенттік жолдаған сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, аталған іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ қазіргі уақытта бұл іс аясында Ресей Федерациясының құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жүргізілмейтіні белгілі болды.

Айта кетейік, адвокат Жанна Уразбахова Айгүл Сайлыбаева ісі бойынша күдіктілердің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.