Германия шекарадағы карантин шараларын күшейтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Германия коронавирустың жаңа штамының таралуынан қорғанау мақсатында шекара қызметіндегі карантиндік шараларды күшейтті. Бұл туралы ҚазАқпарат Euronews-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Германияда жексенбі күннен бастап шекаралық аймақта карантин шаралары күшейтілді. Аталған ел Чехиямен шекаралық бақылау талаптарын күшейтіп, ал Австрия федеральды аумағына кіретін Тироль жерімен байланысатын шекарасын жапты.

Еске салсақ, бұған дейін Германияда COVID-19 таралу индикаторы тұрақты түрде төмендеуде – соңғы 7 күнде 100 000 тұрғынға шаққанда 64,2 адамның індетті жұқтыру жағдайы тіркелгені туралы хабарладық. Бұл көрсеткіш 50-ге дейін төмендеген кезде эпидемияға қарсы қатаң карантиндік шараларды жеңілдетпек.