Германия вице-канцлері басқарушы коалицияның ыдырағанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Вице-канцлер, Германияның Экономикалық істер және климатты қорғау министрі Роберт Хабек («жасылдар») Германиядағы басқарушы «Бағдаршам» коалициясының ыдырағаны туралы мәлімдеді. Оның құрамына Германияның социал-демократиялық партиясы (ГСДП), «жасылдар» және Еркін демократиялық партиясы (ЕДП) кіреді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
ГФР канцлері Олаф Шольц 2025 жылдың 15 қаңтарында Бундестагта үкіметке сенім білдіру мәселесін көтеруге ниетті. Кезектен тыс парламенттік сайлау наурыз айының соңына дейін өтуі мүмкін. Бундестагтағы ЕДП фракциясы өз министрлерінің коалициядан толығымен шығатынын, осылайша оның қызметі тоқтатылғанын хабарлады.
Шольц (ГСДП) басқарушы коалицияның ыдырауына байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Ол ел президенті Франк-Вальтер Штайнмайерден қаржы министрі Кристиан Линднерді (ЕДП) қызметінен босатуды сұрағанын айтты. Оның айтуынша, Линднер канцлердің елдің экономикалық бағытын өзгерту жөніндегі ұсыныстарын орындауға «әзірлігін танытпай отыр».
Шольцтің мәлімдеуінше, қаржы министрі оның сеніміне тым жиі опасыздық жасаған. Ол қазір Линднер өкілдік ететін ЕДП-мен коалицияда «бұдан әрі ынтымақтастық үшін сенім негізі жоқ» деп санайды.
Линднер өз кезегінде Шольцті басқарушы коалицияны әдейі бөлді деп айыптады. Ол сондай-ақ Социал-демократтар мен «жасылдарды» кеңесу үшін негіз ретінде Германияның экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын тіпті қабылдамайды деп айыптады. Министрдің айтуынша, Шольц елді белгісіздік кезеңіне енгізіп жатыр.
Kazinform үшін арнайы ТАСС серіктес агенттігі ұсынған.
Айта кетейік, Германияда жұмыссыздар саны 2021 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткені анықталды.