Германия виза беруден бас тартуға шағымдану тәртібін жояды

Фото: Ingo Joseph/pexels

БЕРЛИН. KAZINFORM — 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Германия виза беруден бас тарту туралы шешімге қарсы апелляция (ремонстрация) рәсімін әлем бойынша ресми түрде тоқтатады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады. 

Ремонстрация — бұл виза беруден бас тарту туралы хабарлама алғаннан кейін бір ай ішінде сол шешімге шағымдануға мүмкіндік беретін процедура.

Германия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ремонстрация процесінің күшін жою бүкіл әлем бойынша виза беру процесін жеделдетуге көмектеседі. Бұл шешім визаларға өтініш санының артуын ескере отырып қабылданған. Үкімет 2023 жылғы маусымда іске қосылған пилоттық жобаның оң нәтижелерін атап өтті. Сол кезеңде Германияның шетелдегі өкілдіктері шенгендік және ұлттық визалар бойынша ремонстрация процесін тоқтатқан болатын.

Нәтижесінде өтініштерді өңдеу саны едәуір артты, ал күту уақыты қысқарды. Әкімшілік шағымдарды қараумен айналысатын персоналды виза өтініштерін тікелей қарау процесіне тарту арқылы Германия өтініштерді өңдеудегі кідірістерді азайтуға және визалардың уақытылы берілуіне қол жеткізгісі келеді.

Ремонстрация процедурасы визадан бас тартылған тұлғаларға шешімді қайта қарауды сұрап, қосымша құжаттар мен түсініктемелерді ұсынуға мүмкіндік беретін. Бұл міндетті емес болатын, бірақ өтініш берушілер үшін өз ісін қорғаудың бір жолы саналатын. Алайда енді оны жою — әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға, өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға және процесті жедел әрі тиімді етуге бағытталған қадам ретінде қарастырылып отыр.

Соған қарамастан, Германияның Сыртқы істер министрлігі өтініш иелерінің заңды құқықтары өзгеріссіз қалатынын атап өтті:

— Визадан бас тартылған кез келген адам ешқандай шектеусіз жаңа өтініш бере алады. Сонымен қатар, өтініш берушілер сот арқылы шешімге шағымдану құқығын сақтап қалады, бұл — наразылық рәсімі болмаса да, олардың заңды қорғанысын қамтамасыз етеді, — делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Ремонстрация рәсімінің жойылуына байланысты Германия белгілі бір визалық санаттар бойынша онлайн өтініш беру жүйесін кеңейтіп жатыр.

2025 жылғы қаңтардан бастап ұлттық визаларға өтініш берушілер — соның ішінде білікті мамандар, студенттер, шәкірттер және отбасымен қайта қосылуға ниетті адамдар — өз өтініштерін консулдық қызметтер порталы арқылы онлайн түрде тапсыра алады. Бұл жүйе өтініш берушілерге құжаттарды цифрлық форматта дұрыс және толық түрде ұсыну үшін кезең-кезеңмен нұсқаулық береді.

Германияның шетелдегі өкілдіктері визаға өтініш беру процестерінің цифрлануы толық емес өтініштердің көп болуына байланысты туындайтын кідірістерді қысқартуға көмектескенін атап өтті. Бұл сандық форматқа көшу, әсіресе, визаға сұранысы жоғары елдердің — Үндістан, Қытай және АҚШ азаматтары үшін аса маңызды болмақ.

ЕО мен Қазақстан арасында визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөздердің барысы туралы ақпаратты арнайы сілтемеден оқуға болады.