Германия визасын алу үшін қазақстандықтарға жан-жақты жағдай жасалған - Елшілік

АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Райнер Шлагетердің қатысуымен қазақстандық азаматтарға виза беру мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елшінің айтуынша, соңғы кезде қоғамда Германия еліне виза алу мәселесі азаматтар үшін көптеген қиындықтарды туғызып жатыр деген ақпарат тараған. «Осыған байланысты бүгін біз арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Елшілік пен консулдықта виза беру жұмысы жайында жан-жақты айтып беруді жөн көрдік», - деді Р.Шлагетер. Елшіліктің визалық бөлімінің жетекшісі Даниела Грэбердің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Германияның визасын алу үшін қазақстандық азаматтарға жан-жақты жағдай жасалған. Елшіліктің веб-сайты мен байланыс телефондары арқылы барлық ақпаратты алуға болады. «Азаматтар веб-сайттың өзінен өтініштің үлгісін алып, оны толтырғаннан кейін біздің қарауымызға жібере алады. Бір ескертетін жағдай, виза жөніндегі толыққанды ақпаратты туристік агенттіктерде емес, тек елшілікте ғана алу қажет», - дейді ол. Айта кетейік, бүгінде Германия Елшілігі визаның екі түрін ? шенген және ұлттық үлгідегі визаларды беруде. Еуропа елдерінің Шенген келісімшарты аясында беріліп жатқан визаның бірінші түрі бойынша азаматтар 3 айға дейін Еуропаның 25 еліне бара алады. Ал ұлттық виза 3 айдан астам уақытқа тек Германияға ғана алынады. Аталған визалардың төлемақысы ? 60 еуро.